Эпидахуал: Оқу жылы басталмай жатып оқушылардан індет табылуда
Елімізде короновирус жұқтырғандар саны сәл де болса азайды. Соңғы тәулікте елімізде 3639 адамнан қауіпті дерт анықталған. Соған қарамастан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан басқа 9 облыс әлі де «қызыл»деңгейде тұр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
08.09.2021
Бұл өңірлерде карантин талабы қатаң. Тіпті Қарағанды облысында шектеуге шекесінен қарайтындар көбейіп, олар айыппұл арқалауда.
Ақмола облысында жаңа оқу жылы басталмай жатып бастауыш сынып оқушылары ауырып жатыр.
Екі айдан бері Ақмола облысы «қызыл»деңгейден шыға алмай келеді. Мұнда жұқпалы дерт жұқтырғандар 39 мыңға жуықтапты. Соңғы тәулікте ғана коронавирус 217 адамнан анықталған. Дегенмен, сәл де болса ауру айылын жия бастағандай. Облыс орталығындағы жұқпалы аурулар стационарларының үшеуі әзірге жабылады. Соған қарамастан санитар дәрігерлер жағдай әлі де тұрақты емес деп отыр. Стационарлар саны қысқартылғанымен, кез келген жағдайға әзір болуымыз керек дейді олар. Өңірде екпе алуға тиісті 411 мыңнан астам адамның 52 пайызы вакцинаның екі компонентін алған. Бір алаңдатарлығы, жаңа оқу жылы басталмай жатып бірнеше оқушыдан коронавирус анықталыпты.
Серік Омарханов, Ақмола облысы санитария-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Қыркүйектің 1-нен бастап бастауыш сыныптың 3 оқушысы ауырып қалды. Әрбір жағдай бойынша санитарлық қызмет тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Оқушылардың қарым-қатынас жасаған адамдары мен бірге оқитын сыныбын карантинге жапты.
Індет өршіген өңірдің бірі – Қарағанды облысы. Мұнда жұқпалы дертті жұқтырғандар саны 91 мыңнан асып кетті. Тәулігіне кемі 350 адамнан коронавирус анықталуда. «Бұған тұрғындардың карантин талаптарын ескермеуі себеп»,- дейді санитар дәрігерлер. Түрлі коммерциялық нысандар мен жеке тұлғаларға жыл басынан бері 1549 хаттама толтырылып, 123 миллион теңге айыппұл салынған.
Маңғыстау облысында карантин шектеулері тіпті күшейді.Соңғы тәулікте 188 адамнан коронавирус анықталып, 7 адам қайтыс болған.Бас санитар шектеу шарасын қатаңдату туралы қаулысына өзгерістер енгізді. Енді халыққа қызмет көрсету орталықтары бес күндік жұмыс кестесіне көшті. Ал «Ашық» қосымшасымен жұмыс істейтін дәмхана мен басқа да кәсіпкерлік нысандардың жұмысы түнгі он екіге дейін ұзарды. Маңғыстау облысы вакциналау бойынша соңғы орында.
Людмила Нуралиева, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Қалыпты өмірге оралу үшін барлығы екпе алуға тиіс. Менің жасым 63-те, маусым айында екпе алдым. Коронавирус ешкімді аямайды. Бетперде тағып, екпе алып, індетті жеңбесек басқа амал жоқ. Өзім отбасыммен ревакциналауды жоспарлап жүрмін.
«Сары»деңгейдегі төрт облыстың бірі – Шығыс Қазақстан. Жаңа қаулыға сәйкес, бұл өңірде біраз талап жеңілдетілді. Қоғамдық көліктер апта бойы жұмыс істейді. Өңірдегі түрлі қызмет көрсету нысандары өз қызметін жұмыс кестесімен жалғастыруда. Облыста вакцина алуға ниет білдірушілер қатары да артқан. Қазір шамамен тұрғындардың 63 пайызы оның екі компонентін де алып үлгеріпті.
Аяулым Әукенова,Семей қаласының №6 емхананың эпидемиологы:
- Жұрт вакцинаны өз еркімен қабылдап жатыр. Оны салдыруға ниет танытып отырғандардың да қатары қалың. Сондықтан біз демалыс және мереке күндеріде жұмыс істеп жатырмыз. Тіпті келушілердің қатарында 80-90 жастағы қариялар да бар. Олар да өз еркімен вакцина салдыртып жатыр.
Еліміздегі инфекциялық ауруханаларда қазір 87 мың адам ем алып жатыр. Олардың арасында, ауыр халде жатқандар да бар. Ал соңғы бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан 82 адам мәңгілік мекенге аттанды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!