Ақтауда «АльянсЭнергоСнаб» қызметкерлеріне зейнетақы жарнасы аударылмаған
Ақтаудағы «АльянсЭнергоСнаб» мекемесінің 150-ге жуық қызметкері алты айдан бері зейнетақы жарнасы аударылмаған деп шу шығарды. Тіпті компания медициналық сақтандыру қорына да көк тиын төлемепті. Мұны жұмысшылар «вакцина алатын кезде бір-ақ білдік» дейді.
Автор: Айман Нұрмағанбет
10.09.2021
Өйткені медициналық сақтандыруға ақша аударылмады деп емхана тексеруден бас тартқан. Кейбірі үй алуға банкке барса, зейнетақы жарнасында түсім жоқ деп кері қайтарыпты. Ал компания басшылары есеп-шотымыз жабық тұр деп ақталуда.
«АльянсЭнергоСнаб» мекемесінің 150-ге жуық жұмысшысы медициналық сақтандыруға ақша аударылмай жатыр деп шу шығарды. Сол себептен балтыры сыздай қалса, оларды емханалар да қабылдамайды екен. Кейбірі бала күтіміне байланысты төлемді де ала алмай отыр. Өйткені жауапты компания алты айдан бері олардың қызмет ететін мекемесінің есеп-шотын жауып тастаған көрінеді. Сол себепті ай сайынғы зейнетақы төлемдері де аударылмаған. Мұны қызметкерлер банкке ипотека рәсімдеуге барғанда бірақ біліпті.
Ғалия Қалжанова, «АльянсЭнергоСнаб» компаниясының қызметкері:
- Зейнетақы жарнасы аударылмаса, декреттік ақшамызды ала алмаймыз. Жұмысшылар емханаға барса, ақылы қаралып отыр. Зейнетақы шоты ашылып, медсақтандыру түскенін талап етеміз. Несие аламын деп барғанмын. Маған барлық банк несие бермеді. Тіпті 500 мың теңге несие рәсімдей алмадым.
Компания басшылығы міндетті төлемдердің уақтылы аударылмауының өз себебі бар дейді. Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданын электр энергиясымен жабдықтайтын серіктестіктің 3,5 млрд теңге қарызы бар екен. Сол үшін компанияның есеп-шоты бұғатталған.
Гүлжан Әлімбаева, «АльянсЭнергоСнаб» ЖШС басшысы:
- Неліктен «МАЭК» біздің есепшотымызды жапты? Өйткені біздің қарызымыз «МАЭКтың» алдында 3,5 миллиард. Ол 3,5 миллиард қай жақтан пайда болды? Ол біріншіден бізге осы Маңғыстау облысының әкімдігі, МКМ бюджеттік мекемелері 2 млрд.теңгеге жуық ақша қарыз. Соның салдарынан біз осы жағдайдың құрбаны болып отырмыз.
Ал жұмысшылардың зейнетақы жарнасы мен медициналық төлемдерінің аударылуын әкімдік бақылауға алдық деп отыр. Тіпті бір аптаның ішінде шешеміз деп уәде беріпті.
Бердібек Қартбаев, Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы:
- Өкініштісі, түсімдер жүргізілмеген. Осы мәселені облыс әкімдігі «МАЭК-пен « бірлесіп атқаратын боламыз. 3,5 млрд. теңгедей берешек қарызы бар. «МАЭК» біржақты келісім-шартты бұзды. Осы мәселені ескере отырып, Ақтау қаласы және оған іргелес жатқан Мұнайлы ауданындағы жарықсыз қалдырмау мақсатында оның орнына «Маңғыстау жарық» мекемесі 1-қыркүйектен бастап жұмысына кірісіп кетті.
«АльянсЭнергоСнаб» қызметкерлері енді екі қолға бір күрек таба алмай қаламыз ба деп сары уайымда отыр. Бірақ әкімдік нарыққа енген жаңа компания ешкімді жұмыссыз қалдырмайды деп сендірді
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!