Ауғанстаннан келген қандастарымыз не дейді?
Ауғанстаннан этникалық қазақтарды елге әкелу жалғасады. Ол жақта ресми дерек бойынша әлі 200-ге жуық қандасымыз бар. Бәрі де билікті тәліптер басып алғаннан кейін Қазақстаннан тарихи отанына қайтару жөнінде көмек сұраған.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
10.09.2021
Үкімет күні кеше ұлты қазақ азаматтардың бірінші легін атамекеніне жеткізді. Алматыға аман-есен жеткен қандастар елге алғыстарын жаудырды.
Шерәлі Өзбеки, Ауғанстаннан келген қандас:
- Қазақ халқына рақмет! Риясыз жандарға. Бізді тарихи отанымызға алып келді!
Кабулдан ұшып Алматы әуежайына қонған Қазақстан қарулы күштерінің арнайы ұшағын шенділер емес, медициналық қызметкерлер қарсы алды. Олар бортта болған 41 жолаушыны оқшаулау үшін келген.
Елге жеткізілгендердің ішінде 35-і – қандас, қалғаны Қазақстан, Қырғызстан азаматтары. Атамекенге оралған отандастар әуежай ішінде кедендік тексеруден өткізілді. Кабулдан алып кетпес бұрын олардың әрқайсысы елшілікке ұлты қазақ екенін дәлелдеген. Ұзақ жүргізілген жұмыстың нәтижесінде кейбіріне Қазақстанға қайтатыны айтылыпты. Елді аңсап жеткендердің бірі – Хасан Дерман. Ата-бабасы 100 жыл бұрын Ауғанстанға көшкен. Анасы, екі інісі мен үш қарындасы қасында. Құжаты түгел болмаған соң, әйелін сол жақта қалдыруға мәжбүр болыпты.
Хасан Дерман, Ауғанстаннан келген қандас:
- Бізді комиссияға шақырды, тексерді. Сұрақтары болды, сұрады. «Руың қандай, Қазақстанда туысқандарың бар ма, жоқ па?» - сұрады. Менің руым – қожа. Ұлтым – қазақ. Қазақта қожа боламыз деп айттық. Қағаздарды дайында деді. Керек құжаттарды дайындап, елшілікке тапсырдық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!