Ақтауда көпбалалы аналар арнайы көмек ала алмай жүр
Ақтауда көпбалалы аналар облыс әкімдігі алдына жиналып шу шығарды. Олар бюджеттен бөлінетін 25 мың теңге арнайы көмек әлі берілген жоқ дейді. Аз қамтылған отбасыларға тиесілі қаржы жаңа оқу жылы қарсаңында берілуі тиіс болған.
Автор: Айман Нұрмағанбет
13.09.2021
Ақбөпе Бойдақова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Ақша берілсін, балаларымызды киіндірейік. Кітап, зат бәрі қымбат. Дайындық сыныбының өзіне қарайған ақшамыз кетті. Бәрі удай қымбат. Киіндіре алмай жатырмыз. Жетіспеушілік көп. 25 мың бізге де берсін.
Көмек ақшаны даулап шыққан аналар биыл мектепке ескі киімен бардық деп наразы. Тіпті қажетті оқу құралдарын да алып үлгермепті. Айтуларынша, бұрын әкімдік аз қамтылған отбасылардан ақпарат жинап, сол бойынша тиісті төлем жасап келген. Ал биыл әлеуметтік көмек алатын немесе күнкөріс деңгейі төмен отбасылар электронды үкімет порталы арқылы құжат тапсыруы тиіс екен.
Тоты Күлметенова, Ақтау қаласы білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Өзгеріс болғаны жөнінде білім және ғылым министрлігінен 1-қыркүйекте хат келіп түсті. Әлеуметтік қамтуға да барса болады немесе мектептегі өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы бар. Компьютер камерасы бар. Ол жерде мамандарымыз бар. Құжаттарын тіркеп, яғни ЭЦП кілтімен тіркеліп, 10-15 минуттың ішінде анықтауға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!