«Сергеев» Көкшетауды сусыз қалдырды
Көкшетау қаласының тең жартысы үш тәуліктен бері тіршілік нәрінен тарығып отыр. Жайлау, Сары-Арқа шағын аудандары мен Солтүстік және Шығыс өндіріс кешендері ауыз судан ажырытылған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
13.09.2021
Себебі: Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевка су қоймасы жөндеу жұмысына жабылыпты. Сондықтан бірнеше мектеп, балабақша мен облыстық аурухана тіршілік нәрін тасымалдап ішуге мәжбүр. Ал қарапайым тұрғындар су таситын көлікті күтіп сарылуда.
Ақмола облысынан 180 шақырым жердегі Сергеев су қоймасы Көкшетауды ауыз сусыз қалдырды. Су таситын көлік соңынан қолына құтыларын алып жүгіргендер көп. Бұл әсіресе жоғарғы қабатта тұратын қарияларға қиын.
Ауыз су арнайы көлікпен жеткізілгенімен, бәріне жетпей қалады. Сондықтан таңатқалы бос шелек ұстап аулада сандалған жан көп. Еңкейген қария мен жүгірген бала да су алып қалуға тырысып жатыр.
Ғалия Шекенова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Мынау масқара! Үйде кішкентай балалар бар. Пандемия кезінде қол да жуа алмай қалдық. Не деген сұмдық! Басшылар қайда? Не істеп отыр? Халық оларға сеніп отыр ғой. Сөзім жоқ.
Андрей Высотин, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Мүмкін біреулерге бұл түк емес шығар, меніңше, бұл мүлдем дұрыс емес. Бұлай істеуге болмайды. Қалайша көпқабатты үйдерді сусыз қалдыруға болады? Ауыз суды жарайды, сатып алайық. Дәретхана қиын болды.Бала шаға бар. Ешкім айтпайды, қашан болады? Су бола ма?
Судың қашан берілетіні әзірге белгісіз. Қала басшылары «Шағалалы»су қоймасынан 30 мың текше метр су алып жатырмыз дейді. Бірақ бұл қаланы толық қамтуға жетпейді. Екі шағын ауданнан басқа қазір облыстық аурухана мен бірнеше мектеп, бала-бақша суды тасып ішуде.
Қалиасқар Мұстафин, «Көкшетау су арнасы» директорының орынбасары:
- Автокөліктер су тасымалдап жүр. Шағын аудандар мен жер үйлерге белгіленген уақытта жеткізеді. Тұрғындарға алдын ала хабарланды. Қазір мен қашан су берілетінін айта алмаймын. Мендегі ақпарат бойынша «Сергеев» су қоймасында апат болған.
Осы ақпаратты естіген жұрт «Сергеев» су қоймасындағы жөндеу қашан бітеді деп алаңдап жүр. Сөйтсе «Сергеев» су қоймасында ешқандай да апат болмаған. Керісінше, құбырларды залалсыздандыру, тазарту жүргізіліп жатыр екен. Сондықтан тұрғындар 10 күн ауыз сусыз отыруға мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!