Боралдай тоғанында 100 тонна балық қырылып қалды
Алматы облысындағы тоғанда 100 тоннаға жуық балық қырылып қалды. Жылдар бойы жинаған нәпақасынан айырылған кәсіпкер бұған кәріз құбырларының жарылуы себеп дейді.
Автор: Салтанат Шырынхан
13.09.2021
Яғни өзенге қарай аққан нәжіс судан тоғандағы барлық су жәндігі жаппай қырылып жағалауда шашылып жатыр. Иісі қолқаны жарады. Бұл жағдайға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Балық өлекселері жұмадан бері жағаға шығып жатыр. Жергілікті атқамінерлер жақын маңда тұратын халықты жақындатпауға тырысып, тоғанды тазалауға кіріскен. Десе де таусылатын түрі жоқ. Өйткені бұл жерді жалға алған кәсіпкер 100 тоннаға жуық балықты өсіргенін айтады. «Бес жыл істеген жұмысым зая кетті» деп ашынады.
Ержан Кеңесов, шаруашылық иесі:
- Әзірге шыққаны шамамен имерно 100 тоннадай. Әлі шығады ғой. Күн ысыған сайын көтеріле береді. Күтіп отырған, 2016-дан бері өсіріп отырған балығымыз. Пайдасын әлі көріп үлгермедік. Қанша балық, өздеріңіз көргендей, көзге көрініп тұр. Бұл жерде тұру мүмкін емес. Иісін де сезіп тұрсыздар.
Балықтың төрт түрін өсірген қос кәсіпкерлер олардың уланғанына сенімді. Ал жақын маңдағы ауылдарға «иісі бармасын» деген әкімдіктегілер қазір барынша жағдайды ушықтырмауға тырысуда. «Бұған қаладағы кәріз жүйесі құбырының жарылуы себеп», - дейді.
Айбек Битайлақов, Боралдай ауылы округінің қызметкері:
- Боралдайдың кәріз жүйесінен шыққан, ол аз көлемде шықты. Бірақ жедел көзін жойды. Негізінен сонымен қатар тоспа су деген мекемеде жарылған. Оларда үлкен көлемде болған екен. Әкімдік тарапынан бірінші күннен бастап. Жұмада жарылған. Сол кезден бері Боралдай ауылында балықтар уланған болуы мүмкін. Тұрғындар алып кетпес үшін қызметкерлер күні-түні жүр.
Қаладағы кәріз жүйесінің жарылғанына тоған иелерінің сол сәтте түсірген видеолары да дәлел. Яғни қаладан келетін қалдық сулардың құбыры жарылып, нәжіс су ағып жатыр. Сөйтіп жеке кәсіпкердің көлшігіне төгіліпті.
Ал қаладағы кәріз жүйесіне жауапты «Тоспа-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны әзірге қысқа қайырып отыр. Айтуларынша, барлығы сараптамадан соң белгілі болады.
Серік Шәкіров, «Тоспа-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ресми өкілі:
- Тексеру барысында ешқандай апаттық жағдай тіркелмеген. Сонымен қатар біздің өкілдер арнайы құрылған комиссияның жұмысына қатысады.
Осылайша балықтардың жаппай қырылуының нақты себебін экология мамандары анықтайтын болды. Жағаға шыққан су жәндіктерінен зертханалық сынама алынған. Тоған бастапқыда егістік алқаптарын суғару үшін пайдаланылған болса, соңғы бес жылда балық өсіруге берілген. Қазір ешқайсысы да жарамсыз күйде қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!