Қылмыс: Мойынқұмдағы жасанды шахтада алтын ұрлап келген
Жамбыл облысында алтынды белден қазғандар ұсталды. Тоғыз адамнан құрылған қылмыстық топ жасанды шахта жасап, сол жердің алтынға бай құм-тасын ұрлап келген.
Автор: Руслан Әбдіхалық
13.09.2021
Пысықайлар Мойынқұм ауданына қарасты Ақбақай ауылына жақын жер учаскесін кен орнына айналдырып жіберген. Олар сол жердегі бағалы тастардың бәрін қопарып алып пайда көрмек болыпты. Бірақ бұл жолы дәл қылмыс үстінде ұсталып қалды. Күдіктілердің осы кәсіппен қанша уақыттан бері айналасып келгені белгісіз. Бірақ олардың өз жұмысына тыңғылықты дайындалғаны байқалады. Тіпті киіз үй тігіп алған. Ал, кесек тастарды Шу өзені маңындағы шаруа қожалығына жеткізіп отырған. Өйткені мұнда алтынды тастан ажырататын жасырын цех істеп тұр.
Құндыз Бөгенбаева; Жамбыл облысы ПД ресми өкілі:
- Тінту кезінде құрамында алтыны бар кенді өңдейтін заңсыз орнатылған екі ұсақтағыш құрал мен құмды тазартуға арналған екі аппарат, сондай-ақ 10 тонна көлемінде кен табылып тәркіленді. Тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!