Интернетте есірткі саудасы қызып тұр
Қазақстанда жыл басынан бері 12 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 11 зертхана жабылған. Есірткі саудасы әсіресе интернетте қызып тұр. Биыл полицейлер 810 порталды бұғаттап үлгерген.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
13.09.2021
Ішкі істер министрлігі сайттар арқылы есірткі саудалау әлдеқайда оңай әрі тез дейді.
Бір ғана Қарағанды облысының өзінде соңғы бір жылда интернет арқылы бір келі синтетикалық есірткі сатқан 7 адам ұсталған.
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында 28 жастағы есірткі саудалаушы үйінде зертхана ашып аса ірі көлемде психотроптық заттар дайындап келген. Полицейлер бір ай бұрын бір тоннадай каннабис өсімдігін сатуға әрекеттенген жамбылдық тұрғынға кісен салған.
Жыл басынан бері тіркелген қылмыс саны 5 мыңнан асып жығылады. Жеті ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылған. Есірткінің заңды айналымы да тыйылмай тұр. Дәріханаларды тексергенде «трамадол», «цикломед» сияқты дәрілер рецепсіз сатылған. Бұл дәрі-дәрмектерден нашақорлық басталады екен. Сол себепті министрлік ата-аналарға балаларды дәріханаларға жіберерде абай болуға шақырды.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:
- Жасөспірімнің препаратты пайдаланғанын ата-анасы байқамай қалуы мүмкін. Сондықтан сақ болу керек. Жалпы бұрын осы препараттар тыйым салынған есірткі зат тізіміне кірмейтін. Сондықтан полиция тиісті шара қолдана алмады. Биыл маусым айында үкімет қаулысымен ол препараттарды күшті әсері бар зат тізіміне қосты. Осының арқасында құқық қорғау органдары сатылымды бақылауда ұстап заңсыз айналым үшін жауапқа тарта алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!