Біртанов тергеу ісінде еш дәлел жоғын тағы қайталап айтты
Денсаулық сақтау экс-министрі үйқамақтағы мерзімінің ұзартылғанына қарсы. Бүгін Елжан Біртанов іс материалдарын үйден тыс та қарауға болатынын айтып, соттан кепіл, не қолхат негізінде босатуды сұраған.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
14.09.2021
Сот айыпталушының өтінішін қанағаттандырған жоқ.
Бұрынғы министрдің үйінде қамауда отырғанына тоғыз ай болды. Алдағы екі айды қосқанда, мерзім 11-ші айға жетеді. Біртанов тергеу ісінде ешқандай дәлел жоқтығын бұл отырыста тағы қайталады. Айтуынша, денсаулық сақтау саласының ақпараттандыру платформасы жұмыс істеп тұр. Министрлік балансына алынған, тіпті оған бюджеттік қаражат төленіпті. Ал тергеу мәліметінше, қазір ол платформа жұмыс істемейді. Соның салдарынан мемлекеттің 1 жарым миллиард теңгесі талан-таражға түскен.
Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезде жарамсыз ақпараттандыру платформасын қабылдап қол қойды және лауазым өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Елжан Біртанов, айыпталушы:
- Егер платформа расымен жұмыс істемейтін болса, оған қандай да бір шара қабылдануы шарт. Мәселен, платформаны жасағандардан жауап алуы керек. Соттың аяқталғанын күтудің қажеті жоқ. Ал егер платформа келісімшарт негізінде жұмыс істейтін болса, онда Үкімет шешімдерін жарияласын. Платформаның жұмыс істемеуі, не істеуі қазір осы сот процесінде аса маңызды дерек. Мемлекеттің қаржысы жұмсалған екен, мемлекеттің қызығушылығы болуы керек деп ойлаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!