Вакцина алуға ынтасы жоқ тұрғындар қай өңірде?
Екпе егу Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында тым баяу жүріп жатыр. Үкімет басшысы бұл өңірлердің әкімдеріне халықты вакциналауда жұмысты күшейту туралы тапсырма берді.
Автор: Айман Нұрмағанбет, Бек Әбиев, Нұргүл Нұрланқызы
14.09.2021
Cоңғы мәлімет бойынша елімізде 7 миллион бір жүз мыңнан аса адам вакцинаның бірінші компонентін алған. Бұл екпе алуға тиісті азаматтардың 71 жарым пайыздан астамы. Ал екі компонентті де алып ауруға қарсы иммунитеті қалыптасқан адам саны 5 миллион 900 мың.
Маңғыстау облысында халықты вакциналау қарқыны тым төмен. Мәселен, екпенің бірінші компонентін небәрі 150 мың тұрғын алған. Ал 118 мыңнан аса азамат екінші компонентін салдырыпты. Қазір өңірде 38 егу кабинеті жұмыс істеп тұр.
Маңғыстау облысындағы тұрғындардың екпе алуға ынтасы жоқ екенін мамандар да мойындап отыр. Әсіресе жекелеген ұжымдар арасында вакцинаға қарсылар өте көп. Мәселен, осыдан бір апта бұрын өңірдегі ірі энергетикалық комбинаттың 70-тен аса қызметкері екпе алмаймыз деп аттай тулаған. Облыстық денсаулық басқармасындағылар вакцинаның маңызын айтып жиі түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз деп отыр. Бірақ нәтиже шамалы. Алайда денсаулығы үшін алаңдап ешкім үгіттемесе де, өздері емханаға барып екпе алып жатқандар жоқ емес.
Нұрбол Оқуов, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Маңғыстау облысында вакцина тапшы емес. Қазір вакцинаның төрт түрі де бар. 17 жылжымалы бригаданың жұмысы қарқынды. Шалғайдағы ауылдарға дейін, сонымен қатар ірі және орта кәсіпорындар, кен орындарға ұжымдармен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірақ соған қарамастан Маңғыстау облысы республикада вакцинация қарқынында соңғы орында тұр.
Облыста вакцинаның төрт түрі бар: SputnikV, GazVak, VeroSell, CoronaVac. Мамандар тұрғындар тезірек екпе алмаса, коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыра алмай қаламыз ба деп қорқады. Сондықтан ауруды жеңу үшін адамдарды қорықпай екпе алуға шақыруда.
«Жасыл» аймақта тұрған Түркістан облысы вакциналау жағынан да көш бастады. Өңірде вакцина алуға тиіс 937 мың адамның 86 пайызы егілген. Мамандар «жасыл» аймақта тұрғанның себебін елдің коронавирусқа қарсы екпе алудағы белсенділігімен түсіндіреді.
Халқы тығыз орналасқан өңірде 141 егу бекеті жұмыс істейді. 500-ге жуық маманы бар 80 көшпелі бригада бар. Дәрігерлердің айтуынша, елдің келіп жатқан вакциналарға сенімі жоғары. Мәселен, мамыр айында «Хайат Вактың» екі компонентін де жұрт жапа-тармағай салдырған. «Спутник V», «КороноВак» пен «Синофармға»да сұраныс жоғары.
Алтын Досанова, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары:
- 937 мың адам жалпы жоспар бойынша егілуі керек. Соның ішінде 810 мыңнан астам адам егілді. 136 мың адамдай қалды. Қазан айының соңына дейін қараша айының басында бітіреміз деп ойлаймыз.
Екпе егудің екпіні жағынан Шардара, Созақ, Отырар мен Сарыағаш аудандары дес бермей тұр деседі. Шалғайдағы ауыл-аймақтарда тұрғындардың жүз пайызы вакцинаның бірінші компонентін салдырған. Ал Кентау, Келес, Қазығұрт пен облыс орталығы Түркістандықтан екпеге ең сенімсіз болып шықты.
Вакциналау қарқынында көш басындағы өңірлердің бірі – Алматы. Мұнда бір тәулікте 8 мыңға тарта адам коронавирусқа қарсы екпе алған. Оның ішінде 3085 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырса, екіншісін 4640 тұрғын алған. Ал ақпаннан бері індеттен қорғайтын вакцинаның бірінші компонентін алған адамдардың жалпы саны 914 мыңға жуық. Иммунизациядан толық өтіп «жасыл» мәртебеге ие болған алматылықтар 800 мыңнан асады. Оның ішінде 115 мыңы 60 жастан асқандар.
Қазір қаладағы медициналық ұйымдарда, мәдениет, спорт нысандарында, базарларда және ойын-сауық орталықтарында 160 егу пункті жұмыс істейді. 237 вакциналау бригадасына 1028 медицина қызметкері жұмылдырылған.
Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасы:
- Вакциналау пункттері демалыссыз, таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істейді. Кеше егу пункті Алматы халықаралық әуежайында да ашылды.
Қазір Алматыда «СпутникV», QazVac және қытайлық VeroCell екпелері бар. Жұрт аталмыш вакциналардың ішінен таңдағанын тегін салдыра алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!