Медиафорум: Түркітілдес елдер тілшілерінің ұйымы құрыла ма?
Қазақстан Орта Азия елдері үшін Ауғанстан билігімен келіссөз жүргізуге қолайлы жер. Бүгін елордада басталған Еуразиялық медиафорум қатысушылары осындай бастама көтерді. Осымен 17-ші рет өтіп отырған халықаралық деңгейдегі форумға қатысушылар Еуропа мен Азия елдерінен жиылған.
Автор: Ербол Тұрымбет
15.09.2021
Пандемия жағдайына байланысты кейбірі онлайн қатысып жатыр. Тіпті форум аясында түркітілдес елдер тілшілерінің ұйымын құру ұсынысы да айтылды.
Еуразиялық медиафорумның алғашқы күні әр түрлі шеберлік сабағына арналса да, қызу пікірталас бүгіннен басталып кеткен сияқты. Әлеуметтік желі шеберлері қысқа роликтердің қоғамға қаншалықты әсер ететінін, қалай әсер ететінін тәптіштеп түсіндірді. Ал тәжірибелі тілшілер әлемде болып жатқан әскери қақтығыстар жағдайында қалай жұмыс істеуге болатынын, босқындар мен білім алу, жұмыс істеу, тіпті қарапайым көшеде еркін жүру құқығынан айырылғандардың тағдырын қалай көрсетуге болатынын баяндады. Ондайда негізгі мәселе, сол елдің келісімін алу керек.
Клементин Мальпас, деректі фильм авторы (Ұлыбритания):
- Мұндай жағдайларды Үкіметтің келісімінсіз де шешуге болады. Өйткені фильмге тапсырыс беретін немесе түсіруге көмектесетін қоғамдық ұйымдар, қайырымдылық мекемелері керекті құжаттарды дайындауға, керекті мәліметтерді жинауға көмектеседі. Бірақ менің жағдайымда қандай да бір елдің шекарасынан өтуге кедергі болған жоқ. Олар менің жұмыс істеуіме барынша жағдай жасады.
Клементин Мальпас жері қанға бөккен Сирия босқындары бойынша деректі фильм түсірген. Ол кейіпкерлерімен әлі күнге байланыста. Оның ендігі мақсаты – Ауғанстанға бару. Әзірге жағдайдың тұрақсыздығына байланысты сапарын шегеріп жүр.
Қазір әлем назарын аударып тұрған Ауғанстан тақырыбы да медиафорумда қамтылмай қалмады. Еуразиялық медиа оны бейтарап әрі ашық жариялау үшін форум қатысушылары тағы бір ұйым құрудың уақыты келгенін айтады. Өйткені Азиядағы ел төңірегіндегі жағдайды білу үшін батыс ақпарат құралдарына телмірмеуі тиіс. Олардың айтуынша, жаңа ұйым осы форум аясында жұмыс істейтін журналистердің қызу пікірталас ордасына айналуы керек.
Бұл ұсыныс бұрыннан сөз болып жүрген бастама болса да, қатысушылар оны бүгін де ортақ талқыға салып отыр. Өйткені ол шынайы ақпарат алу үшін және сол арқылы сараптама жасау үшін қажет. Қатысушылардың айтуынша, Сирия, Ливия және басқа да елдердегі қақтығыс жағдайларының бәрін тек алыс шетелдік ақпарат құралдарынан ғана алып отырғанымыз өкінішті. Екінші жағынан әрбір ақпарат құралы өз елінің саясаты үшін жұмыс істейтіні тағы бар.
Тофик Аббасов, Әзербайжан президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы:
- Неге біз Ауғанстанда болып жатқан оқиғаны батыс ақпарат құралдарынан білуіміз керек? Неге сол ақпаратқа өзіміз қол жеткізбейміз? Оған мүмкіндігіміз жетеді емес пе?! Сол жаққа Әзербайжан тілшілерін жіберіп, олар өзбек, тәжік, қазақ тілшілермен бірігіп, керекті мәліметтерін алар еді. Оның орнына біз батыс журналистерінен естіп жүрміз. Ал олар нақты жағдайды бұрмалап береді.
Ауғанстан тақырыбы сарапшылар пікірімен ғана шектелмей, көршілес елдердің саяси ұстанымына баға беруге дейін барып жатыр. Қазіргі жағдайда тәліптермен саяси байланыс орнатқан дұрыс па, бұрыс па деп жатқанда, медиафорум сарапшылары Қазақстанды келссөз алаңында көргісі келетінін де жасырмады.
Ариель Коэн, Еуразия орталығы Атлантика кеңесінің аға ғылыми қызметкері:
- Кабулмен саяси байланыс орнатуға келсек, әрине, көрші елдерге де, алпауыт елдерге де солай етуге тура келеді. Ресей мен Қытай қазірдің өзінде келіссөз жүргізіп жатыр. Дегенмен менің ойымша, басты мәселе – олармен шектесетін елдер тәліптермен ортақ тіл табыса ала ма деген сұрақ. Бұл орайда Қазақстан дәстүрлі түрде бейбіт келіссөздер алаңы болар еді.
Үш күнге жоспарланған форумның ресми ашылу салтанаты ертеңге жоспарланған. Екінші күнгі талқыланатын тақырыптар легі Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен әлемдік пандемия салдары және ақпараттағы шынайылық сынды өзге де салмақты мәселелерге ауысқалы отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!