Маңғыстаулық шаруалар мемлекеттен көмек ала алмай отыр
Қуаңшылыққа тап болған маңғыстаулық шаруалар әлі мемлекеттен көмек ала алмай жүрміз деп дабыл қақты. Субсидия сұрап жергілікті әкімдіктің табалдырығын талай тоздырыпты. Бірақ ақша тұрмақ, ауырған малды емдейтін ветеринарға зар болып қалған.
Автор: Айман Нұрмағанбет
15.09.2021
Бердіхан Аленов, шаруа:
- Мемлекеттің субсидиясын әлі көргенім жоқ. Ондайды маған ешкім айтқан жоқ. Қорымыз бітті.+Мал дәрігері көбірек болса екен. Қазір Қызылтөбеге хабарласамыз. Қызылтөбеге қараймыз, мал дәрігеріне. Ал олар көлік, жанармай жоқ немесе үлгере алмай жатырмыз дейді.
Шаруалар мәселесін жергілікті әкімдікке бірнеше рет айттық деп отыр. Бірақ күнде ертеңмен шығарып салатын көрінеді. Тойып жем-шөп жемеген арық малды жаз бойы кене де талапты. Мал дәрігерлерін шақырса қырық сылтау айтып келмейтін көрінеді. Кей шаруа қожалықтары жыл басынан бері алпыстан аса ірілі-ұсақты малынан айырылған.
Ал облыс бойынша бес мың бас арам қатты деген ақпарат бар. Алайда облыс әкімдігі одан хабарсыз. Ресми дерек бойынша тек 1163 бас мал өлген. Тіпті шаруалардан мал қырылғаны туралы бар-жоғы жеті-ақ хабарлама алдық деп ақталуда. Сондай-ақ қуаңшылық жайлаған өңірдегі малшыларға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр дейді шенеуніктер. Бірақ оны алу үшін шаруалардың төрт түлігі ортақ дерекқорға тіркелуі тиіс екен.
Ғалымжан Ниязов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
- «Жасыл дәліз екі» деген ашылды. Онымен қазір 39 мың өтініш түсті. Ол өтініштермен 10-қазанға дейін тіркеу жүргізіп жатыр. Осы малдар тіркелгеннен кейін кеше ауыл шаруашылығы министрлігімен де, қаржы министрлігімен де жиналыс өткіздік. Алдында берілген 1,9 млрд теңгеден үнемделген ақша қалса, соған ұсыныс беремін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!