Жалған ПТР анықтамасын сатқан ерлі-зайыптыға сот үкімі шықты
Ақтөбеде жалған ПТР-сынама құжатын сатқан ерлі-зайыптыға сот үкім кесті. Жекеменшік емхананың дәрігері күйеуімен қосылып жеңіл жолмен пайда таппақ болған. Енді осы қылмысы үшін миллион теңге айыппұл төлейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.09.2021
ПТР-сынамасына қатысты анықтаманың жалған екенін ең алдымен Жайсаң бекетіндегі шекарашылар білген. Көршілес Ресейге өтпек болған көлік жүргізушінің құжатын тексерген кезде анықтапты. Сол жерде жүргізуші тест нәтижесін кімнен және қаншаға сатып алғанын жайып салған. Сотта дәрігер Жазира Маханованың жалған ПТР-тест анықтамасын жеті жарым мың теңгеге сатып отырғаны анықталды. Ал оған клиенттерді күйеуі Теміржан Күндолов тауып беріп отырған. Осылайша 11 адамға жалған құжат жасап берген. Сондағы тапқан пайдасы 80 мың теңгеге де жетпейді. Енді осы қылмысы үшін дәрігер келіншек пен күйеуі миллион теңгеден аса айыппұл төлейді.
Анар Айтжанова, Ақтөбе облысы соты баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Күндолов пен Маханова қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсына 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 555 600 теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!