{metadescription}
Нұр-Сұлтанда дәрігерлер үстеме ақысын ала алмай жүр
Нұр-Сұлтанда дәрігерлер үстеме ақысын ала алмай жүр

Нұр-Сұлтанда дәрігерлер үстеме ақысын ала алмай жүр

Нұр-Сұлтанда дәрігерлер үстеме ақысын даулап жатыр. Барлығы коронавируспен ауырғандарды емдеп, ішкі істер министрлігіне қарасты госпитальдің инфекциялық стационарында жұмыс істеген.

Алайда үш айдан бері басын қауіпке тіккен қызметтеріне көк тиын төленбепті. Маңдай тер ақысын талап еткендер бүгін аурухана алдына жиналды. 15-шілдеден бастап, ішкі істер министрлігінің емханасы бар орталық госпитальде үш инфекциялық стационар ашылған. Содан бері мұнда қызмет атқаратын 199 ақ халатты өзінің еңбегіне тиесілі ақыны ала алмай жүр. Көмек сұрап бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. «Өкініштісі, еститініміз құрғақ уәде ғана», - дейді олар.

- «Ойбай» деп барлығы бала-шағасын тастап осы жерде жүрді. Сыз кешіп, тұмсығымызды жауып. Үстімізден су ағып жатты.

Жыл басынан бері індетке шалдыққан жүздеген науқасты емдеген ақ халаттылар ашулы. «Басшылықтың уәдесіне тойдық» дегендер енді соттасуға да дайын.

Нәзира Бақытбек, мейірбике:

- Ойнап жүрген жоқпыз. Ақша табу үшін келдік. Қаншама қиындық көрдік. Енді ақшамызды талап етеміз. Жоғары болса шағым жазамыз, сотқа дейін барамыз.

Қосымша қаржыны күтіп сабылғандардың қатарында Сайлаугүл Айтбаева да бар. Ол осында арнайы бөлімше ашылғаннан бері қызмет атқарып келеді. Күн-түн демей қызмет еткенде алатыны 51 мың теңге. «Айлығым шайлығыма да жетпейді» деп басы қатқан ана төрт баласын қалай асыраймын деп жылады.

Сайлаугүл Айтбаева, мейірбике:

- «Мама» деп шырылдайды. Баламды мектепке киіндіре де алмадым, былтырғы киіммен барды. Әлі күнге дейін төлемед. Мен гипертоникпін, күнде дәрімен жүрмін.Аяқ-қолдарына массаж жасадық. Қыздар үлгермей жатыр. Жүгіріп соларға көмектесеміз.

Күрмеуі күрделі сауалға жауап алу үшін жиналғандармен бірге орталық госпитальдің басшысына жол тарттық. Темірдей тәртіпке үйренген күзетшілер ішке кіргізгісі келген жоқ. Кейбірі есігін құлыптап үлгерген.

- Ал мені басып өтіңдер. Ешкімді жібермеймін.

- Тұрындар, осылай тұрамын. Біз дәрігерлердің мәселесімен бара жатырмыз ғой басшылыққа!

Басшылықтың жауабы қысқа болды. Госпиталь бастығының айтуынша, қаржы жоғары жақтан дер кезінде аударылмаған. Дегенмен алдағы күндері міндетті түрде алады деп сендірді.

Аманжол Байменов, Ішкі істер министрлігінің емханасы бар орталық госпиталь бастығы:

- Қазір бізде қаржы жоқ. Осы орталық атынан қаржы министрлігіне және қажетті комиссияға өтініш жаздық. 24-тамыздағы комиссияның қаралымы бойынша арнайы орындарға тапсырма берілді. Қаржы берілетін болды. Енді аударылуын күтіп отырмыз. Қызметкерлер шілде, тамыз, қыркүйек қаржысын міндетті түрде алады.

Госпиталь басшысының сөзіне сенбеді ме, қызметкерлер жауапқа қанағаттанбады. Десе де әліптің артын бағуға келісті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде