Балалар буллинг, кибербуллингтен заңмен қорғалатын болды
Депутаттар балаларды буллингтен заңмен қорғауға көшті. Олар Ресейдің ізін басып, елімізде шетелдік әлеуметтік желілердің жұмысын шектеп, мектептердегі әлімжеттікті тыймақ.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.09.2021
Себебі, ата-аналарды айтпағанда, біздегі педагогтер буллингтің алдын алуға еш шара қолданбайды. Соның кесірінен соңғы жылдары оқушылардың қатарластары тарапынан жәбір көруі, отбасында зорлыққа ұшырауы жиілепті. Өз қол жұмсауға бейім балалар да көбейген. Ал жазаланып жатқаны шамалы. Мәжілісмендер кибербуллинг бойынша да әлеуметтік желілерге қатысты да бірқатар шектеу енгізбекші.
Соңғы кездері буллинг, кибербуллинг дегенді жиі еститін болдық. Қазақшаландырсақ, ол – қорқыту, психологиялық қысым, қорлау деген ұғымды білдіреді. Адам үйде, жұмыс орнында, интернетте, тіпті автобуста буллингке жиі ұшырауы мүмкін. Ұшырап та жүр. Әсіресе балалар.
Мәселен, үш жыл бұрын 360 мыңдай мектеп оқушысы қатарластары тарапынан қудалауға ұшыраған. Депутаттар бұл психологиялық тұрғыда әсер етеді, арты суицидке ұласады дейді.
Мәжілісте келтірген мәліметке сәйкес, былтыр 143 бала өмірімен қоштасса, 306-сы қол жұмсауға оқталыпты. Ал биыл, жарты жылдың ішінде 105 бала қыршын кетсе, 190-ы суицид жасауға әрекет жасаған.
Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы көрсеткіш өте қорқынышты. Депутаттарға білім және ғылым министрлігінің әлімжеттіктің алдын алу үшін не істеп жатқандары қызық болып еді, үміті су сепкендей басылды. Ата-ана тұрмақ, мұғалімдердің өзі жасөспірімді қалай қорғайтынын білмейтін болып шықты.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Отандық сарапшылар да, халықаралық сарапшылар да айтқан деңгейде педагогтер буллингтің алдын алу шарасымен айналыспайды. Сәйкесінше, нәтиже де жоқ. Алдағы уақытта педагогтердің біліктілік деңгейін көтерсек, соның өзі жеткілікті, тіпті бірреттік курстардың өзі жақсы нәтиже береді.
Мәжіліс спикері буллингтің алдын алу тек заңнамамен бекіткенде ғана жұмыс істейді деген пікірде. Заң болса, жазаға тарту да оңайырақ. Жала жабу, қорлау бойынша құқыққорғау органдары соңғы екі жылда ешқандай қылмыстық іспен айналыспаған. Нығматулиннің сөзінше, балаға жәбір көрсеткендер әкімшілік жауапкершілік арқалауы тиіс.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
- Буллинг және кибербуллинг деген бүгінде қауіпті нәрсе болып бара жатыр. Ол балалардың психологиясын бұзатын,суицидке апаратын жол. Сондықтан балалардың, әсіресе мектеп балаларының буллинг және кибербуллингтен толық қорғайтын нақты нормалар енгізуіміз керек. Ешкімге қарамай. Аналар айтып жатыр, мыналар айтып жатыр. Бұл балалардың өмірі, балалардың болашағы.
Балаларды түрлі әдіспен қорғауға бекінген депутаттар әлеуметтік желілердің де аузын жаппақ. Енді шетелдік әлеуметтік онлайн-платформалардың, лезде хабар алмасу сервистерінің иелері мемлекеттік тіркеуден өтуге міндеттеледі. Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуы керек. Сарапшылар шетелдік алып компаниялардың елге қоныс тебетініне сенбейді. Ақпарат министрлігі заңнаманы қос қолдап қолдап отыр. Әлемжеліні ойлап тапқандармен жұмыс істеу қиынға соққан сыңайлы.
Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
- Өкінішке қарай, біздегі кей әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің кері байланысы жоқ. Кей әлеуметтік желілер материалдарды алып тастаса, кейбіреулерінің өтінішті қарастыруы 20-30% ғана. Сондықтан біз әлеуметтік желілер мен мессенджерлер үшін нормалар мен түсініктер енгізуді ұсынамыз.
2020 жылы 70 мыңға жуық кибербуллинг фактісі тіркеліпті. Биыл көрсеткіш екі есеге өскен. Жауапты органдар біздегі кей әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің кері байланысы жоғын айтады.
Бүгін мәжілісмендер балаларды әлімжеттіктен қорғайтын заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Екіншісі кейінге қалдырылды. Өйткені заңнаманың шикі тұсы жетерлік. Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі заңдағы жаза жағын, білім министрлігі мен өзге де мемлекеттік органдар қауіпсіздік, интернетте қысым жасаудың алдын алу жұмысымен айналысуы шарт.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!