{metadescription}
Алматыдағы «Жанұя» балалар үйіндегі былық
Алматыдағы «Жанұя» балалар үйіндегі былық

Алматыдағы «Жанұя» балалар үйіндегі былық

Алматыда жетімдер үйінде шу шықты. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада кәмелетке толмаған қыз баланы әлдекім жұдырықтап жатыр. Соққыға жығылған қыз жанұшыра айқайлағанымен, киімі тәрбиешіге келетін адамдар төбелескен екеуді ажыратуға құлық танытпағаны анық көрініп тұр.

Алайда жетімдер үйінің басшылығы қызметкерлер жетімдерге қол жұмсады дегенді жоққа шығарды. Айтуларынша, келеңсіз жағдай тәрбиеленуші екі қыздың арасында болған. Десе де шулы оқиғадан соң құзырлы орындарға хабар беріліп істің мән-жайы анықталуда. Бұл мұндағы жалғыз келеңсіз жайт емес сыңайлы. Өйткені біраздан бері орталықты тексеріп жатқан прокурорлар талай былықты әшкерелепті. 

Дүйім жұртты дүрліктірген оқиға Алматы қаласындағы «Жанұя» жетімдер үйінде болған. Құлындағы дауысы шыңғырған қызды әлдекім жұдырықпен түйгіштеп, тепкілеп жүр. Киім киісі тәрбиешіге ұқсайтын жандар жанжалдасқан екеуді ажыратуға аса құлықты емес. 

Иегінің астындағы сорақылықтың жай-жапсарын түсіндіруге тырысқан директор азан-қазанға бөлеген төбелеске қызметкерлердің қатысы жоқ деп ақталды. Ал шулы оқиғада таяқ жеген де, соққы жұмсаған да балалар үйінің тәрбиеленушілері екен.

Марина Дәулетбекова, «Жанұя» балалар үйі директорының міндетін атқарушы:

- Жанжал біздің орталықтағы екі тәрбиеленушінің арасында туындаған. Біреуі 16, екінші 17 жастағы қыз бала. Араларында сабырға шақырған тәрбиеші жүр. Бізге орналасқандардың барлығы ақыл-есінің ауытқуы бар балалар. Төбелес асханадан келе жатқан кезде туған. Бірақ «Жанұя» орталығына қызметке келгелі бірінші рет осындай жағдайға тап болып отырмын.   

Қыздардың қазір колледжде тәлім алатынын айтқан жетекші бұған дейін тату-тәтті күн кешкен жеткіншектердің не себепті мұндай қадамға барғанын білмейміз дейді. Мекеме жетекшісі балалар үйіндегі жанжалдың қашан болғанынан хабарсыз. Сол себепті ішкі тексеріс жүргізіліп, жұмысына салғырт тәрбиеші жазалануы мүмкін. Десе де кабинетінде отырып-ақ ғимараттың іші-сыртындағы бірнеше камераны бақылайтын басшыға хабар жетпегені түсініксіз. Бірақ барлық құзырлы орындарды құлағдар еттім деген директор полицияға да арыз түсіріпті.

Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі:

- Медеу ауданы полиция басқармасы 2021 жылдың 3 қыркүйегінде 2004 және 2005 жылы туған балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында жанжал болғанын анықтады. Бұған дейін аталған дерек бойынша полицияға хабар түспеген. Қазір нақты себебін анықтау мақсатында кешенді жұмыс жүріп жатыр. Соның нәтижесінде заңға сәйкес шаралар қабылданады.

«Жанұя» балалар үйіндегі былық мұнымен шектелмейтін секілді. Өйткені мекемені тексерген қала прокуратурасы талай сұмдықтың бетін ашып, тойып тамақ ішпеген балаларға сапасыз азық-түліктен ас әзірлегенін әшкерелепті. Қызметкерлерге негізсіз артығымен ақы төленсе, демеушілік көмектер ұшты-күйлі жоғалған. Орталықта бірде-бір санитарлық талап сақталмапты.

«Жанұя» балалар үйіндегі заңбұзушылықтың тізбегі таусылмайды. Тіпті қылмыстық істе 58 миллион теңге бюджет қаржысы жымқырылғаны көрсетілген. Тергеу барысында бұрынғы директор қызметінен шеттетілсе, жақында ғана тәрбие ісі жөніндегі орынбасар жұмысынан босатылыпты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде