Hyundai аялдамада тұрған жолаушыларды таптап өтті – Тараз
Таразда жылдамдықты шамадан тыс асырған жүргізуші аялдамада автобус күтіп тұрған жолаушыларды таптап өтті. Екі адам сол жерде тіл тартпай кетсе, тағы екеуі ауруханада. Ал жүргізушінің өзі оқиға орнынан із суытқан.
Автор: Руслан Әбдіхалық
15.09.2021
Бірақ алысқа ұзай алған жоқ. Қазір ол тергеушілердің сұрағына жауап беріп жатыр. Таң атпай оның бұлай жүйіткуіне әрі қарсы бағытқа шығып кетуіне не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Адам шошитын кадрдан оқиғаның қалай болғаны анық көрінеді. Жүйткіген Hyundai қарсы бетке шығып кетіп, аялдамада топталып тұрған адамдарды қоғадай жапырып өткен. Ешкімнің қашуға мүмкіндігі болмай бірі қаңбақтай ұшса, енді бірі көліктің астында жаншылып қалған. Төрт адам зардап шегіп, оның екеуі сол жерде жан тапсырды. Ал түрлі жарақат алған екі әйел ауруханаға түсті. Біреуінің жарақаты жеңіл, ал 53 жастағы жергілікті тұрғынның жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.
Сәкен Жұмашев, Тараз қаласы №1 аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
- Екінші 1968 жылы туған азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Оның бес қабырғасы сынған және миы шайқалған, төменгі жақ сүйегі сынған. Тізесіндегі шеміршектердің бәрі үзілген.Қазіргі жағдайы өте ауыр. Бірақ есін біледі, жансақтау бөлімінде жатыр.
Полицейлер дерекке қатысты мән-жайды жан-жақты түсіндірмеді. Тек 23 жастағы қала тұрғынының күдікті ретінде ұсталғаны мәлім.
Қайғылы жағдай бүгін таңғы жеті шамасында болған. Қаза тапқандардың екеуі де әйел.
Бақыт Ратаев, Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары:
- Жол көлік оқиғасында екі әйел қайтыс болды, екеуі жансақтау бөліміне түсті. Жол көлік оқиғасына қатысты жүргізушіге қатысты тергеу амалдары басталды.
Болған жағдай бақылау камерасына түсіп қалған. Содан алынған видео әлеуметтік желіге тарап, қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Сондай-ақ ел арасында апатқа себепкер болған азаматтың оқиға орнынан қашып кеткені айтылуда. Алайда полицейлер бұл деректі жоққа шығарып отыр. Және ол азаматтың ішімдік ішкен-ішпегені де белгісіз. Оны анықтауға бірқатар сараптама тағайындалған. 23 жастағы көлік жүргізушісі қамауға алынып, дерекке қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!