Көкшетауда саудагерлер жайма базардан кетпей, шу шығарды
Көкшетаудың орталық базарының жұмысы бүгін айқаймен басталды. Сауда орнының алдын жайма базарға айналдырғандар әкімнің келуін талап етті. Себебі: 20 жылдан бері көк тиын ақы төлеместен сауда жасағандар енді басқа базарға барып тұруы тиіс екен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
16.09.2021
Ал сатушылар оған қарсы. Жиналғандарға жағдайды қала әкімі емес, орынбасары келіп түсіндірді. Шенеуніктің айтуынша, бұл маңнан жақында қәріз құбыры тартылад, сондықтан жабайы базарды жабуға бел буыпты.
Орталық базардағы 100-ден аса саудагердің қолына хабарлама берілгелі мазасы кеткен. Онда жақын арада сауда орындарын босатуы керектігі ескертілген. Қыстың сақылдаған сары аязы мен жаздың жаздың аптап ыстығында сауда жасайтын олар бұл жерден кетсек күнімізді көре алмаймыз деп айғайға басты.
Жылдар бойы «сен тимесең, мен тиме» деп тып тыныш саудасын қыздырып келгендерге бүл күтпеген жағдай болды. Базардың сыртында сауда жасағандықтан, олар көк тиын төлеп көрмеген. Жеміс-жидек, ет,сүт өнімдерінен басқа ұсақ-түйек тұрмыстық заттарға дейін осы жерден табуға болады. Адам аяғы көп, қашан да қыз-қыз сауда қайнап жатады. Сондықтан саудагерлер орын ауыстыруға құлықты емес. «Күнкөрісімізден айырғалы жатыр», - дейді жиналғандар.
Жайна Түлкібай, саудагер:
- Алақандай Көкшетауда қаншама халық қаңғып жүр, бала-шағасын асырап. Мұнда жесір де бар, жетім де бар, көпбалалы ана да бар. Мен үш баланың анасымын, жас та болсам. Мен де өмірдің жақсылығынан емес, кеше ғана босанып, базарға балалардың аяқ киімін түгендеп жүргенде бізді неге қорқынышпен өмір сүргізеді?
Саудагерлер жылдың төрт мезгіліне қарамастан, бұл жерде қолында бар затын жайып жіберіп сатып отыра береді. Қазір көпшілігі саяжайда өсірген өз өнімдерін әкеліп сатып отыр. Кейбірінің күнкөріс көзі тек осы жер. Сондықтан басқа базарға көшуге барлығы қарсы. Бірақ жергілікті әкімдік: «Жабайы базарды түп-тамырымен талқандаймыз» - деп отыр.
Гүлмира Шоқатова, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:
- Қазір біз жоспарлы түрде бюджеттен осы мақсатқа қаржы қарастырдық. Осы саудагерлер үшін шатырлар жасатпақпыз. Ол шатырлар «Шайба» базарына қойылады. Бұл кісілер сонда көшуі тиіс. Бұл жерге кәріз құбыры тартылады.
Шуылдаған саудагерлер орынды босатпайтынын айтып, келген басшыларды беттен алды. Тіпті облыс әкімін іздеп орталық алаңға немесе Президентке дейін баруға бел буып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!