Қаржы пирамидасына алданғандар шу шығарды – Ақтау
Ақтауда қаржы пирамидасына алданған тұрғындар «сот созылып кетті» деп шу шығарды. Айтуларынша, салымшыларды сан соқтырған компания басшысы қашып кеткен. Сондықтан қамауда отырған нотариус пен компанияның екінші құрылтайшысы ғана жауапқа тартылып жатыр екен.
Автор: Айман Нұрмағанбет
16.09.2021
Әділдік іздеп ашынғандар бүгін құзырлы органдардың өкілдерін жинап жиналыс ұйымдастырды. Наразылардың айтуынша, құзырлы органдар істі бүге-шігесіне дейін тексермепті. Тергеу бір жарым жылға созылып, соты жазда басталған. Ал қаржы пирамидасын құрған азамат бір жарым жылдан бері іздеуде. Қазір тек нотариус пен екінші құрылтайшы ғана қамауда отыр. Жиналғандар жұртты тақырға отырғызғандардың бәрі заң алдында жауап берсін дейді. Тергеу мәліметіне сай, бұл қаржы компаниясы 700-ге жуық салымшының 3 млрд. теңгесін жоқ қылған. Оның ішінде 300 көлік пен 26 үй бар. Компания салымшыларды ай-сайын қомақты өсімпұл алып отырасыңдар деп сендіріп, көп ұзамай жабылып қалған.
Сайлаугүл Әсемова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- 300 мыңнан бастап салған. Ең көбі 28-40 млн. теңгеге дейін ақша салған. Мен 16 миллиондық үйімді салдым. Біздің талабымыз – Үкіметтен арнайы комиссия шақырып, Тоқаевтың жанынан қайта тексерту.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!