COVID-19: Ревакциналаудың пайдасы бар ма?
Коронавирусқа қарсы ревакциналау аутоиммундық ауруға әкелуі мүмкін! АҚШ ғалымдарының мұндай мәлімдемесі бүкіл әлемді ойландырып қойды. Ал отандық сарапшылардың көбі қайта вакциналаудың зияны да, пайдасы да жоқ деген пікірде.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
16.09.2021
Екі дозаның өзі уақыт өте келе тиімділігін жоғалтпайды екен. Сондықтан ревакциналаудан бұрын тұрғындардың бәрін бірдей індетке қарсы екпенің екі компонентімен қамтамасыз ету маңызды дейді.
Алматылық Айгүл сәуірде коронавирусқа қарсы екпе алу туралы шешім қабылдаған. Емханаға барып «Спутник V» вакцинасын салдырыпты. 21 күннен соң екпенің екінші компонентін де алған. Ал бір ай бұрын келіншектің денсаулығы сыр бере бастайды. Белгілері ұқсас болған соң, ол бірден коронавирусқа тексеретін тест тапсырып, оның қорытындысы оң шығыпты.
Айгүл Әлиясова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Әлсіздік болды. Дәм мен иіс сезбей қалдым. Екі аптадай жаттым. Бірақ созылмалы бронхитім барын ескере отырып, менде коронавирус әлдеқайда жеңіл өтті деп есептеймін. Вакцинаның пайдасы тиді.
Бір ауырып тұрған Айгүл осыдан кейін ревакцинация туралы ойлай бастапты. Бұған рұқсат етілсе, келіншек екпенің басқа түрін салдырам деп отыр. Алайда жуырда ғана беделді медициналық басылымдардың бірі жариялаған мақала көпті ойландырып қойғаны жасырын емес. Онда АҚШ ғалымдары коронавирусқа қарсы екпенің үшінші дозасы мерзімінен бұрын салынатын болса, миокардит пен «Гийен-Барре синдромы» деп аталатын сирек кездесетін аутоиммундық ауруға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген. Соған қарамастан қазір кей елдерде ревакциналау басталып та кеткен. Отандық сарапшылар мұны құп көріп отырған жоқ.
Алмаз Шарман, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті:
- Үшінші дозаға қажеттілік жоқ. Екі компоненттің өзі де ағзаны коронавирустан жеткілікті деңгейде қорғай алады. Вакцинаның екі дозасын алған адамдарды қайта вакциналаудан гөрі, қалған адамдарды вакциналау маңызды. Ал аутоиммундық аурулар екпенің екі дозасын алғандарда да пайда болуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдай өте сирек кездеседі.
Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті үшінші компоненттің пайдасы да, зияны да жоқ дейді. Ал кейбір мамандар күшейткіш дозаны салдыру аса маңызды деп отыр.
Ләйлә Әлекешова, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының доценті:
- Күшейткіш доза, бірінші кезекте, вакцинадан соң қалыптасқан иммунитетті одан әрі жақсартуға бағытталған. Арнайы жүргізілген зерттеулер үшінші компоненттен соң ағзада антиденелер жоғары деңгейде болатынын дәлелдеді.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі қайта вакциналаудың әзірге жоспарда жоғын мәлімдеген. Сарапшылар да алдымен халықтың бәрін бірдей вакцинаның ек дозасымен қамтамыз ету маңызды дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!