Алматы облысы ауылдарында жылжымалы екпе пункті істейді
Шалғайдағы елдімекендер де індетке қарсы вакциналаудан қалыс қалып жатқан жоқ. Алматы облысындағы ауылдарды екпемен қамтамасыз ету мақсатында жылжымалы вакцинация пункті жұмыс істеуде.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
17.09.2021
Мамандар өзімен бірге екпенің екі түрін алып барған. Ауылдықтар солардың ішінен таңдағанын салдырып індеттен қорғана алады.
Александр Вдовцев, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің өкілі:
- Жылжымалы вакциналау пункті екі түрлі тоңазтқышпен қамтылған. Вакцинаның қай түрін де өзімізден алып жүре аламыз. Мұнда вакцина салудан бөлек, тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, профилактикалық тексеру жүргізсек те болады.
Шалғайдағы ауылдарға QazVac және «СпутникV» вакциналары жеткізілген. Жылжымалы пунктте халыққа Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мамандары қызмет көрсетеді.
Игі шараны Алматы облысының қоғамдық денсаулық басқармасы мен «Асар-Береке» және «Дегдар» гуманитарлық қорлары ұйымдастырып отыр. Ал қажет инновациялық мобильді технологиялармен Қазақстан-Ресей медициналық университеті қамтамасыз етті.
Жылжымалы пункттің Алматы облысына сапары екі аптаға созылады. Мұндай жоба он жылдан аса уақыттан бері жалғасып келеді. Бастысы, сапалы медицинаға қол жеткізген тұрғындар дән риза.
Саят Тікенбаев, Ескелді ауданы орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Келген адамдар қосымша мәлімет береді, вакцина жайлы сұрақтарға жауап береді. Халыққа жеткізеді. Үйден шыға алмайтын, алыс жол жүре алмайтын кісілерге ыңғайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!