Елордада үкімет берген үйлердің зардабын әлі тартып келеді
Елордада үкімет берген үйлерден тағы шу шықты. Осыған дейін тұрғындары тілшілерді жинап екі рет наразылық білдіргенімен, айтылған сыннан сол күйі нәтиже жоқ. Баспаналы болғанына жарты жылдың жүзі болмаған пәтер иелері содан бері кәріз жүйесінің зардабын тартып келеді.
Автор: Нұрболат Досжан
17.09.2021
Жаңбыр жауа қалса нәжіс сыртқа төгіліп, айналаны жағымсыз иіс алатын болған. Ең болмаса, кәріз жүйесін жөндете алмай жүрген елордалықтардың арызын тілшіміз тыңдап келді.
Сарыарқа ықшамауданындағы баспанаға қол жеткізген тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі: мемлекет тарапынан берілген үйлер талапқа сай емес. Сәуір айынан бері жөндеу жұмыстарынан кеткен кінәраттар да алдын ала ескертілмеген. «Қолымыз қалт етсе, бала-шағаны қойып кәріз жүйесінің қалдықтарымен алысамыз», - дейді пәтер иелері.
Арайлым Бекмырзаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Ең бірінші мәселеміз – кәріз жүйесі. Ол бітеліп жатыр. Ана жерде тракторымыз тұр. Қанша күннен бері дырылдатып жүр. Тұрғындардың тұрып жатқанына үш ай болды. Ана трактордың кететін түрі жоқ. Үнемі тазалап, бірінен екіншісіне құйып тұр. Ол екі-үш күн тоқтаса, кәріздегі бүкіл сұйықтық бәрі артқа шығады. Өзімнің үйімде атылып, бұрқылдап шығып жатты.
Арайлым Бекмырзаева үш баланың анасы. Жаңа үйге көшіп келгелі тынышы қашқан. Тұрғын үйдегі апатты жағдайды айтып барғанымен, құзырлы мемекелер уәдені үйіп-төгіп, тиісті жұмысты уақытында атқармаған. Тұрғындарға көрсетілген кестеден әлдеқайда кешігіп жатыр екен.
Арайлым Бекмырзаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бізге 30-маусым, 15-маусымда қойып қойған. Ана су арнасын құрылысқа итереді, біресе құрылысшылар істейді дейді. Сонда біз кімге барамыз, кімге назымызды айтамыз.?!
Аталған мәселеге жауаптылардың бірі – құрылыс басқармасы. Бірақ олар мына былықты бітіруден гөрі, басын арашалап қалғысы келетін сияқты. Өйткені кәрізден кеткен ақауға «Астана су» жауапты деп отыр.
Еркеғали Байсанов, Нұр-Сұлтан қаласы құрылыс басқармасының бас маманы:
- Ол кәріз жүйесі «Астана су» арнасына жатады, солардың балансында. Олар кезінде мына жолды істеген кезінде бір жері сынып, содан қаладағы кәріз жүйесімен емес, кері қарай мынау үйлерге ағып жатыр. Сонда да тұрғындардың шағымын жерге тастап жатқан жоқпыз.
Тұрғындардың жанайқайы кәріз орнынан шыққан жағымсыз иіспен шектелмейді. Одан да қорқыныштысы, қапталдас орналқан тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен су атқылап жатыр. Мамандар әзірге судың неден пайда болғанын білмейді.
Ержанат Назаров, сантехник:
- Қар ерігеннен бастап жертөледе су пайда болды. Сорған сайын су көбейе береді. Содан кейін, «астана су» адамдары: «Суды сормаңдар, үйдің астында бұлақ бар шығар, үйдің асты босап кетеді» - деді.
Жиналған судың астында осы үйдің электр сымдары да жатыр. Оның да апатты жағдайға әкелмей қоймасы анық. Себебі: қазірден-ақ шіри бастаған.
Ермек Серкебаев көшесіндегі №33 мекенжайдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің жертөлесі. Мұнда айналаның бәрі малмандай су. Мамандар күніне алты сағат бойы осы сумен алысып әлек. Ал тұрғындар: «Ертеңгі күні өмірімізге қауіп төне ме?» - деп қорқады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!