Тоқаев ШЫҰ елдерін QazVac-ты жедел мойындауға шақырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастығы елдерін қазақстандық вакцина паспортын мойындауды жеделдетуге шақырды. Өйткені халықтың иммундық жүйесін көтеру үшін бірлесіп жұмыс істеу керек.
Автор: Ербол Тұрымбет
17.09.2021
Ал бұл орайда Қазақстанның ұсынары бар. QazVac онсыз да көршілес елдерге гуманитарлық көмек ретінде жіберіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халықтың жаппай иммунитетін арттыру арқылы ғана пандемияны еңсеру мүмкін болады. Қазақстан алғашқы сынақтан өткен өзінің QazVac вакцинасын ұсынады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерде вакцинация төлқұжаттарын өзара тану рәсімінің жеделдетілуі және олардың көпжақты жүйеге біріктірілуі елдеріміз бастан өткеріп отырған қиындықтарды еңсеруге септігін тигізетініне сенімдімін.
Тоқаев клиникалық сынақтар QazVac-тың тиімділігін дәлелдегенін жеткізді. Оның үстіне отандық препаратты көрші елдерге гуманитарлық көмек ретінде тасымалдай бастадық. Енді QazVac-тан бөлек, Қазақстан тағы екі вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне енгізіп отыр.
Naruvax-C19 және Naruvax-C19/Nano деп аталатын жаңа нұсқалар COVID-19 індетіне қарсы үміткер вакцина болып тұр.
Ал Ауғанстан тақырыбына келгенде, президент Қазақстанның бұл елге барынша көмек көрсетуге дайын екенін тағы білдірді. Бұған дейін елдің егемендігіне қатысты мәселе туындатпас үшін босқындарды қабылдаудан бас тартқан едік. Тоқаев соның есесіне Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының гуманитарлық «хабын» ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ тағдыр тәлкегіне түскен ауған халқын қиыншылықпен бетпе-бет қалдырмас үшін Қазақстан есірткі тасымалының жолын кесуге барын салмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ықпалы зор ШЫҰ бұл елде бейбітшілік пен келісімнің үстемдік құруы үшін белсенді рөл атқара алады және атқаруы қажет деп санаймын. Қазақстан өз тарапынан деструктивті идеология ағынының, есірткі тасымалының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшудің жолын кесу үшін өңірлік серіктестерімізбен арадағы ықпалдастықты кеңейтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!