Елордада вакцина паспортын сатқан дәрігерлер ұсталды
Елордада вакцина паспортын сатқан дәрігерлер ұсталды. Олар клиенттерін құпиясөз арқылы қабылдап отырған. Ал әрбір паспортты, кем дегенде 15 мың теңгеден сатқан.
Автор: Ербол Тұрымбет
17.09.2021
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ұйымдасқан топ үш адамнан құралған. Екеуі 38 және 40 жастағы дәрігерлер. Үшіншісі солардың бірінің күйеуі. Жоспар бойынша ер адам сырттан паспорт сатып алғысы келетін адамдарды тауып беріп отырған. Сол қызметіне тиісті ақысын иемденіпті. Онда да вакцина паспорты тек таныстарына және алдын ала төлем жасаған жағдайда ғана екпе салмай-ақ жасап беріп келген. Осы әрекетін олар соңғы үш ай көлемінде жүргізіпті. Ал сатып алуға келгендер құпия сөзді айтуы тиіс екен.
Данияр Оралов, Нұр-Сұлтан қаласы ПД ресми өкілі:
- Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 385-бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полиция департаменті азаматтарға ескертеді, мұндай қитұрқылыққа бармау керек. Қылмыстық кодекске сәйкес, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Медицина қызметкерлері кінәсін мойындап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!