Алматыда алапат өрт болды
Алматыда алапат өрт болды. Қаланың қақ ортасындағы төрт қабатты бизнес орталық отқа оранып, құтқарушылар оны бір жарым сағатта әрең ауыздықтады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
17.09.2021
Өртті сөндіруге ондаған техника мен 100 шақты құтқарушы жұмылдырылғанымен, судың қысымы болмай, қиындыққа тап болған. Соның салдарынан бірінші қабаттағы дәмхана иелері миллиондап шығынға баттық деп отыр.
Тілсіз жау түстен кейін қаланың қақ ортасындағы төрт қабатты нысанда тұтанған. Маңайдағылар дереу өрт сөндірушілерді шақырыпты. Олар жеткенде ғимараттың шатыры лапылдап жанып жатқан.
Өрттің қатты болғаны соншалық, қою қара түтін қаланың шетіне дейін көрінді. Бизнес орталықтың жоғарғы қабаттары кеңселерге жалға берілсе, төменде дәмханалар орналасқан. Куәгерлер жалын солардың бірінен шықты дейді. Видеоға да түсіріп алыпты.
Бауыржан Шәменов, куәгер:
- От кафеде басталды, менің ойымша. Өйткені мен бәрін видеоға түсірдім. Ауа қысымымен жоғарыға барды. Сондықтан шатыр жанып кетті. Өрт басталғанда 15 минут өтті, өрт сөндірушілер келген жоқ. Осы жерде тұрды қарап.
Құтқарушылар апаттың нақты себебін енді анықтайды. Жалынмен күреске 90 өрт сөндіруші мен 30-ға тарта техника жұмылдырылды. Бірақ соның өзінде өртті өшіру бір жарым сағатқа созылған. Тіпті алапат өрт көрші ғимараттарға тарап кете ме деген үрей де болды. Мамандар кедергілердің кесірінен уақыт өткізіп алыпты.
Ержан Құрманбаев, Медеу ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:
- Өрт сөндіру бөлімі келген кезде көліктер қойылған болған, техника кіре алмады. Және су аз болды. судың қысымы болмады.
Тілсіз жаудан зардап шеккендер жоқ. Ғимарат ішіндегілер құтқарушылар жеткенше өз бетімен эвакуацияланған. Ал дәмхана иелері миллиондап шығынға баттық деп отыр. Енді жарамсыз болып қалған заттарын өндіріп беруді талап етпек.
Дарья Литвинова, дәмхана иесі:
- Өрт ғимараттың сол жақ шетінен басталып, жарты сағатта барлық шатырға тарап үлгерді. Әзірге дәмханамның қандай жағдайда екенін біле алмай тұрмын. Іште 13 миллионның техникасы тұр. Су болып қалған шығар. Оның орнына жаңасын сатып алып беруді талап етемін.
Төтенше жағдай қызметкерлері 70 жылдық ғимараттың шамамен 1200 шаршы метрі күлге айналғанын айтады. Олар оқиға орнында әлі де жұмыс істеп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!