«Террористер» мемлекетке жыл сайын 2 миллион шығын келтіреді
Жалған террористер мемлекетке жыл сайын 2 миллион теңге шығын келтіреді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, себептері қарапайым. Сондағысы біреуден кек алу үшін немесе жәй бұзақылық жасау үшін қоңырау шалады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
20.09.2021
Ал жасөспірімдер білім мекемелерінде сабақты болдырмау үшін жалған хабарлама беретін болып шықты.
Полицияның есебінше, жалған ақпаратқа бір рет шақыртылғанның өзіне 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Талдау жүргізіп қараса, еріккеннен қоңырау шалатындардың үлесі зор болып шығыпты. «Жарылғыш зат қойылды» деп елді дүрліктіргендердің 88 пайызы жұмыссыздар екен. Ал осындай әрекеті үшін сотталғандардың жартысынан астамы қатты мас күйінде болған.
Ішкі істер министрлігінің есебінше, жалған лаңкестердің былтыр 50 рет хабар таратса, биылғы 8 айда 52 рет қайталанған. Ал заң бойынша олар бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұлға жегілуі мүмкін. Ол қазір шамамен 14 жарым миллион теңге. Сондай-ақ бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Дархан Разуев, ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл дапартаменті бастығының орынбасары:
- Жалған жарылғыш зат қойылған объектілерге тоқталар болсам, олар көбінесе адамдар көп жиналатын орындар: сауда үйлері, базарлар, дүкендер, мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелері. Және көлік инфрақұрылымының объектілері: вокзалдар мен әуежайлар. Қоңырау шалған адамның даусын өзгертсе де, сим картасы мен телефонын ауыстырса да ол бәрібір табылады. Қылмыстардың 90 пайыздан астамы ізін суытпай, кезекші тәулікте ашылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!