Альберт Линдердің өлімінен кейін ауыр атлетика талқыға түсті
Марқұм зілтемірші Альберт Линдердің бауыры тосын мәлімдеме жасады. Айтуынша, ауыр атлет ағасының өзіне қол жұмсайтындай күйге түсуіне жаттықтырушысы себеп болған. «Қиын-қыстау кезде қолдаудың орнына шәкіртіне қолын бір сілтеді, былығы көп» дейді ол.
Автор: Асқарбек Қазанғап
20.09.2021
Бұл айыпқа қатысты жаттықтырушы Сергей Седов өзі пікірін білдірді. Ал Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы тексеру жүргізбекші.
Ағасымен қоса оның қол жеткізген медальдарын жерге көміп, үстінен аяқпен таптау Семенға оңай емес. Бірақ Альберттің жеке бапкері Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысына деген жанайқайын осылай жеткізуді жөн көргендей. Инстаграмда жариялаған жазбасында ол Сергей Седовты айыптайды.
- «Қазақстан құрмасының жаттығуында жүргенде қалай қиналғанын көрдім. Бес күн бойы нәр татпай жаттығу жасағанына бәрі куә. Оған ешкім көмектескісі келмеді. Қолын сындырып алған кездің өзінде жалғыз өзін үйге жіберген. Осының бәрін жасап отырған адам оның жеке бапкері әрі Қазақстан құрамасының аға бапкері. Ол адам емес. Спортта жүрмеуі керек. Балаларды жаттықтырмауы тиіс».
Спорт жолындағы кедергілер бауырының сағын сындырды деген Семен: «Саладағы былықты бәрі білгенмен, айтуға батпай жүрген» - дейді.
Ал, әлеуметтік желідегі айыптауды Сергей Седов салқын қабылдады. Шәкірті Альберттің қазасы оның да қабырғасына батқан. Айтуынша, Рио олимпиадасының алдында тапсырған соңғы допинг тесттің оң нәтиже көрсетуі Альбертті қатты күйзеліске түсіріпті.
Сергей Седов, А.Линдердің бапкері:
- Екеуіміз жиі әңгімелесетінбіз. «Спорттан кетіп жұмыс істегім келеді, Рио олимпиадасындағы жолды қайта жүріп өткім келмейді» дейтін. Оның бала кезден тағдыры қиын болды. Сырын менімен бөлісетін. Туыстарын мені айыптады деп кінәламаймын. Қайғыдан қара жамылып отыр. Бәрін түсінемін.
Семен Линдер ағасының медалін көмгеннен кейін, ауыр атлет Михаил Макеев те іле-шала, бір уыс медалін қоқысқа тастады.
- Жарыстарда жаттығып тер төккенім өз халқым үшін емес, өзге адамдардың кірісі үшін екен. Бұның маған енді қажеті жоқ.
Ауыр атлетика федерациясы тағылып жатқан айыпқа қатысты әңгімені қысқа қайырды.
ҚР Ауыр атлетика федерациясы:
- ҚР Ауыр атлетика федерациясы бұл істі бақылауға алуға және әрбір айыптау бойынша тексеріс жасауға ниетті. Жақын арада федерация әрбір атлетпен байланысып, ішкі тергеу жүргізеді. Оның қорытындысы туралы қосымша хабарланады.
Үлкен спорттан кеткен атлеттің далада қалғандай күй кешіп, психологиялық көмекке зәру болатынын зілтемірші Илья Ильин де айтып отыр. Ал қазір ұлттық құрама сапындағы еңбек өтілі 20 жылға жетпесе, зейнетақы төленбейді екен. Сондықтан бұл мәселені қайта қарау қажет дейді Ильин.
Илья Ильин, Ауыр атлетикадан әлем чемпионы:
- Біз 20 жылды 10 жылға қысқартуды ұсынып отырымыз. Әскерилердің жұмыс өтіліндей есептелсе дұрыс болады. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарған спортшыларға зейнетке шыққаннан кейін сыйақы, зейнетақы төленуі керек. Сонда ғана олардың сағы сынбайды. Өздерін қоғамға керексіз сезінбейді. Мемлекет тарапынан кешенді көмек қажет.
Ауыр атлетика саласындағы проблемалар Альберт Линдердің өлімінен кейін қоғамда қызу талқыға түсті.
Зілтемір көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионы осыдан үш күн бұрын көз жұмды. 25 жастағы атлеттің қазасына байланысты Қылмыстық кодекстің 105 -бабы, яғни өз-өзіне қол салуға жеткізу бабымен іс қозғалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!