{metadescription}
Алматыдағы атыс: Полицейлер неліктен қарсы оқ атпады?
Алматыдағы атыс: Полицейлер неліктен қарсы оқ атпады?

Алматыдағы атыс: Полицейлер неліктен қарсы оқ атпады?

Бес адамды жайратып салған күдіктінің қаруы жәй ғана аңшы мылтығы емес екен. «Вепрь» деп аталатын карабин оның атында 2008 жылдан бері тіркеуде болған. Ал екі бірдей полиция қызметкерінің табельді қаруы бола тұра, неге қолданбағаны белгісіз.

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы бұған қатысты тек өз болжамын ғана айтты. Тергеу қорытындысы шыққанша құзырлы орган артық тіс жаруға құлықсыз. Әзірге екі баппен іс қозғалған. Сондай-ақ атыс кезінде оққа ұшқан бесінші адамның кім екені айтылды. Ол – үйдің жаңа қожайынымен бірге еріп келген танысы екен.

Болжам бойынша, күдікті «Вепрь» карабинінен оқ жаудырған. Аңшылыққа арналған демесеңіз, кәнігі атыс қаруларының ешқайсынан кем емес. Игорь Дужнов оны 2008-жылы тіркетіпті. Бес адам осы қарудан ажал құшты.

Тілшілер сұрағына жауап беруге полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтің өзі шықты. Бірақ тергеу аяқталғанша артық ақпарат айтуға болмайды дегенді тілге тиек еткен генерал көсіліп сөйлемеді. Әзірге белгілісі, күдікті осыған дейін істі болмаған. «Полицейлер неліктен қарсы оқ атпады?» дегенге Таймерденовтің өз долбары бар.

Қанат Таймерденов, Алматы қалалық ПД бастығы:

Бірінші кезекте, біз азаматтарға қауіп төнбеуге басымдық береміз. Оның үстіне, ол жерде кәмелетке толмаған балалар болған. Оларға оқ тиіп кету қаупі болған шығар. Әрине, бұл тұжырымды нақты деп айта алмаймыз. Ведомствоаралық тергеу тобы барлық мән-жайды анықтайды.

Қаланың полиция департаментінде сілтідей тынған тыныштық. Полицейлер оққа ұшқан әріптестерінің суретінің алдында аялдап, бір минут үнсіздік жариялады. Сақшылар сапын 2003 жылы толықтырған Дархан Сүлеевтің шиеттей бес баласы еңіреп қалды. Екінші инспектор Нұрбол Байғазиевтің погон таққанына жеті жыл болған. Оның кәмелетке толмаған екі бүлдірішіні бар. Ал сот үкімін орындауға барған азаматтың аты-жөні Мұрат Әбенов. Қала ортасындағы үйінің айналасы көлікке толы. Көңіл айтып келушілердің шеті көрінбейді. Қайғыдан қан жұтқан жақындары болған жайға сене алар емес. Мәйітті әлі алмаған. «Бүгін берсе, ертең жерлейміз» деп отыр. Марқұмның бала кезден досы Марат Досмұқанов Мұратпен өлерінің алдында бірнеше минут бұрын ғана сөйлескенін айтады.

Марат Досмұқанов, М.Әбеновтің досы:

Ар жағында айқайлап жатқан дауысты құлағым шалып қалды. Мән бермедім. Екі сағат өткеннен кейін бір-ақ қаралы хабарды естідім. Бала кезден танимын. Дос болдық. Сот орындаушысы ретінде өте білікті маман еді. Бәріне өз еңбегімен қол жеткізді. Артында әйелі мен екі баласы қалды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев қаза тапқан полицейлердің отбасына барып, көңіл айтты.

Учаскелік полицейлер құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін медалімен марапатталатын болды. Отбасыларына Алматы қаласының әкімдігі үй береді. Бірақ жақынын жоқтағандарды бұл жұбата алмайды.

Ал оқыстан ажал құшқан бесінші адам үйдің жаңа егесінің танысы екен. Өкінішке қарай бес азамат бір адамның бүлігінің салдарынан бақилық болды. Қанды оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдікті «Адам өлтіру» және «Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану» бабымен жауапқа тартылады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде