Экс-полицей аң орнына жылқы атып жүр
«Экс-полицей аң орнына жылқы атып жүр». Осылай деп шағымданған Алматы облысының тұрғындары алдындағы адал малының ақысын кімнен өтерін білмейді.
Автор: Мақсат Мәлік
22.09.2021
Үмбетәлі және Шолаққарғалы ауылындағы ағайынның айтуынша, әлдекімдер үйірде жүрген екі айғырды атып өлтірген.
Ал тұрғындар ауыл шетіндегі өзен жағасында тұратын екі адамнан күдіктенеміз дейді. Өйткені арасында ащы судан ұрттап алатын әлгі екеу үнемі түн ортасында дүрсілдетіп мылтық ататын көрінеді. Бірақ оның біреуі бұрынғы полиция қызметкері болғандықтан, тәртіп сақшылары арызымызға аяқ асты қарайды деген жылқы иелері миллиондап шығынға ұшырадық деп отыр.
Үмбетәлі және Шолаққарғалы ауылының ортасындағы егістік басында жайрап жатқан қос жылқыны түн ішінде әлдекімдер атып өлтіріпті. Әдейі көздеген секілді бүйірден тиген бытыра аттарды сеспей қатырған. Ал адал ақы малынан айырылғандар «өзен жағасында тұратын екі адамнан күдіктенеміз» дейді. Талай рет олардың мылтық атып жүргенін көрген тұрғындар сол түні де дүрсілдеген дауыстан шошынып, маңайына жолай алмапты.
Шәкірт Шәріп, Үмбетәлі ауылының тұрғыны:
- Бір, екі рет дүңкілдеп мылтық атылды. Өзім баруға қорықтым. Барып неге атасыңдар дейін десем, тілім де жетпейді. Сосын тығылып, жылқыларымды қарадым да жаттым. Сосын көрші ауылдың табыншысы айтады, ана жақта екі жылқы құлап жатыр деп. Қандай жылқы деп барсам, қара жылқы дейді. Барсам, бытырамен атып тастапты.
Ақиқат Әбділдабек, Шолаққарғалы ауылының тұрғыны:
- Орып алып кеткен жер ғой. Орып алып кеткеннен кейін бүкіл елдің малы осында келеді. Басқа малды қамап алады, ал жылқы малы осы өрісте, осы жерде жүреді. Кешке қарай қайырып тастаған мал түнде кетіп қалып отыр. Таңертең «ойбай, мал өліпті» деді. Дереу келсек, жылқымыз орнына барыпты. Ішінде айғыр жоқ. Іздеп келсек осында өліп жатыр. Асылтұқымды айғыр. Араласпаған. 750 мыңға алғанмын.
Күнкөрісі төрт түлікке қараған азаматтар бірден тәртіп сақшыларына арызданыпты. Алайда учаскелік полиция қызметкері «ешқандай дәлелдерің жоқ» деп меселін қайтарыпты. Тіпті екеудің бірі бұрынғы полиция қызметкері деген тұрғындар шағымдарының шатқаяқтап тұрғанын осы жағдаймен байланыстырады.
Шәкірт Шәріп, Үмбетәлі ауылының тұрғыны:
- Екі орыс деп тұрғанымыз, біреуі қызыл кітапшасын көрсетті. Маған да көрсетті. Малым түскен жоқ, сонда да айқайлап, «қызыл кітапшам бар, полицияда істегем» деді. Тілін түсінбеймін. Кеше де көрсетті учаскелік полициялардың көзінше.
«Мал ашуы жан ашуына» айналған ағайын жеке бастарының қауіпсіздігіне де алаңдайды. Шарасыз таусылған жұрт кешкілік мал қайырып жүргенде қаңғыған оқ тиіп кете ме деп қорқатынын айтады.
Шәріп Көксін, Үмбетәлі ауылының тұрғыны:
- Өзімізді атып кете ме деп қорқамыз. Ол шындық. Ату бер жағы, боқтағанда неше түрімен боқтайды. Оның боқтауын айта алмаймыз.Содан қорқынышымыз бар. Ататынын білеміз. Күніне он уақ үйдің арасымен жүреді. Арақ ішеді. Қорқамыз.
Ал тұрғындар күдіктенген екі азамат өзен жағасындағы көлік ішінде тұрады. Маңайда атылған оқтың гильзалары шашылып жатыр. Алайда «жаз бойы қызанақ пен картоп егіп жайымызға жүрміз» деген біреуі мылтық атпақ түгілі, қолымызда қару жоқ деп бет қаратпады. Десе де оның жанындағы серігін жауап алу мақсатында бүгін аудандық полиция бөліміне жеткізіпті.
Валерий Капельницкий:
- Ештеңе түсіне алар емеспін. Жасырмаймын, сол күні жақсылап тойлатқанмын. Зейнеткерлікке шыққан адаммын. Тынығу үшін осында досымның жанына келіп тұрамын. Таңертең оянсам, осындай жағдай болғанын естідім. Мен ол кезде ұйықтап жатқанмын.
Арам қатқан қос жылқының иелері шығындарын миллион жарым теңгеге бағалап отыр. Полициядан көңілі қалған олар жазықтылар тезірек анықталып, малымыздың ақысын өтеп берсе де дейді. Ал жергілікті полицейлер тергеу жатқанын айтқаннан басқа тіс жармады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!