Ақтау: Корпорацияның экс-басшылары миллиондаған заңсыз сыйақы алған
Ақтаудағы «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы басшылары өзіне заңсыз сыйақы жазып алған. Тіпті жұмысқа кіргеніне бір ай болмаған қызметкерлер де майлы жіліктен құр қалмапты.
Автор: Айман Нұрмағанбет
22.09.2021
Мұны арнайы тексеріс кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері анықтаған.
Қуаныш Мырзағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы департаменті басшысының орынбасары:
- Талдау барысында бір айдан аз жұмыс істегенін жекелеген қызметкерлерге жалпы сомасы 1,2 млн.теңгеге сыйақы төленгені анықталды. Басшы қызметкерлерге де жалпы сомасы 6 млн. теңгеден астам мөлшерде заңсыз сыйақы төленген. Басшылықтың жиі ауысуы қызметкерлерге теріс әсер еткен. Мысалы, 2018 жылы 37 бірлік штат саны кезінде 33 қызметкер жұмыстан босатылған.
2019 жылы 42 қызметкер жұмыстан кетсе, 2020 жылы 38 адамның 19-ы жұмыстан босатылыпты. Бұл басшының жиі ауысуынан туындаған мәселе деп отыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері. Соңғы үш жыл ішінде мекеменің қарызы 7 млрд. теңгеге жеткен. Соған қарамастан басшылары өздеріне 6 млн. теңгеден сыйақы жаздырып алған. Заңсыз сыйақы алғандар саны 14 адам. Және қызметкерлерді конкурстық негізде іріктемеген. Кандидаттардың тағайындаулары тек басқарма төрағасының қалауымен жүргізіліп келіпті.
Ләйлә Әлиева, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз сыйақы алған 14 қызметкерге ескертпе қағазын жібердік. Олар қазір бізде жұмыс істемейді. Алған заңсыз сыйақыны бір апта ішінде кері қайтару керегін айттық. Төлегісі келмесе сотқа береміз. Қазір қызметкерлерге сыйақы мен материалдық көмек беру тәртібін өзгерттік. Енді сыйақы төлеу, жұмысқа қабылдауды арнайы комиссия тексереді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!