Үкіметтің қағаз жүзіндегі уәдесінің кесірін енді халық тартып отыр
Қазақстанда әлемдік нарыққа тәуелді емес азық-түлік 50 пайызға шарықтаған. Ал елдегі бағаны қымбаттатпауға қарсы шаралар түкке тұрғысыз. Үкіметтің қағаз жүзіндегі уәдесінің кесірін енді халық тартып отыр дейді депутаттар.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
22.09.2021
Мәжілісмендер инфляциямен күрестегі сәтсіздікке ешкім жауапқа тартылмайтынына күйінді.
Айқын Қоңыров, Мәжіліс депутаты:
- Айқын нәтижелерді көріп жүрміз. Сайлаушыларымыз баға мен табысты және ресми статистика мен нақты жағдайдың айырмашылығы туралы үнемі сұрайды. Ресми көрсеткіште азық-түліктің қымбаттауы 11,4 пайыз деп көрсетілген. Бұл масқара, көп қой. Сандардың өзі өтірік. Себебі, маңызды деген тауарлардың құны 50 пайызға шарықтаған. Енді осыдан бір сұрақ туындайды. Бізге декларативті құжаттар орындалмайтын болса, ол не үшін керек? Инфляциядағы болжалды көрсеткіштердің сәтсіздігі үшін неге ешкім жауап бермейді?
Негізінен мемлекеттік органдардың алдында инфляция деңгейін 4-6 пайыз аралығында ұстап тұру міндеті болған.
Оны мемлекет басшысы соңғы жолдауында тапсырды. Бірақ тапсырма министрлер кабинетіне оңай соқпай тұр. Қоңыровтың пікірінше, Қазақстанда жасалған өнімдерді тек өзіміз пайдаланамыз. Асып бара жатқан сұраныс та жоқ. Ал шенеуніктер өнім бағасының өсуі жалпы әлемдік қымбаттаудан деп көп сылтауратады. Депутат бизнестің өз шығындарын өтейтініне сенімді. Тек бұл жерде жеңілген тарап – халық. Өйткені біздің азаматтар табысы артпаса да, жарияланбаған, жасырын инфляциялық салықты төлеуге мәжбүр екен. Мәжілісмендер Үкіметке елдегі ең төменгі жалақыны, жалдамалы жұмысшылардың еңбекақыларын жүйелі индекстеудің тетігін құру туралы стратегиялық мәселені шешу аса маңызды деген ұсыныс жасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары