Ауылға дәрігерлер жетіспей жатыр
Ауылға дәрігерлер жетіспей жатыр. Әсіресе анестезиолог-реаниматолог, инфекционист, травматолог, эндокринолог маман жоқтың қасы.
Автор: Нұрболат Досжан
22.09.2021
Ел-жұрт коронавируспен алысып жатқан шақта, індеттен жазылғандарды қадағалайтын реабилитологтар да тапшы. Бүгін Мәжілісте осы мәселені көтерген депутаттар, әсіресе батыс өңірлердің аса мұқтаж болып отырғанын жеткізді.
Қазір Батыс Қазақстан облысына – 267, Атырауға – 219, ал Маңғыстау облысында 221 дәрігер қажет. Оқу бітірген жас мамандар ауылға бармайды. Тіпті грантпен оқыған маманның өзі бөлінген аймаққа барғысы жоқ. Ал сол нақты сала мамандарына мұқтаж ауруханалар науқастарға көмек көрсете алмай, санитарлық авиация шақыртып облыс орталықтарына жіберуге мәжбүр. Мұндай әуе тасымалына қомақты қаражат жұмсалатыны тағы бар. Олқылықты одан әрі өршітпеу үшін грант бөлгенде медициналық мамандар жетіспейтін аймақтарға квота санын көбейту керек дейді мәжілісмен Сәлімжан Нақпаев.
Сәлімжан Нақпаев, Мәжіліс депутаты:
- Медициналық жоғары оқу орындарына бөлінетін грант саны түсініксіз себеппен 2020 жылы азайып кеткен. 2021 жылдан бастап медицина саласында гранттар санын ұлғайтуды ұтымды пайдаланып, кадр жетіспеу мәселесін шешу, грантпен оқыған түлектердің өздерінің жұмыс орнына себепсіз бармай қалуын тоқтату, грант бөлінгенде медициналық аймақтарға квота санын көбейту сынды депутаттық сауалымызға жауап беріңізді сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!