{metadescription}
Алматыдағы атыс. Жерлеуге келгендердің қарасы қалың
Алматыдағы атыс. Жерлеуге келгендердің қарасы қалың

Алматыдағы атыс. Жерлеуге келгендердің қарасы қалың

Соңғы сапар. Алматыда банкке борышкер азаматтың қолынан қаза тапқан бес адамның үшеуі - полиция инспекторлары мен сот орындаушысы жер қойнына тапсырылды.

Олармен қоштасуға келген халықтың қарасы көп. Бейбіт күнде жақынынан айырылғандар болған жайдан әлі есін жия алмай отыр. 

Сарыбай би ауылы мұндай сарнаған мұңды әуенді бұрын естімеген. Алматы облысының Жамбыл ауданы бүгін инспектор Нұрбол Байғазиевпен осылай қоштасты. Қолына көк мата байлаған полицейлер қаралы көшті бастап, мүрдені көтеріп көлікке беттеді.

Ботадай боздаған ана мен жардың жаны үңірейіп қалды. Арқа сүйер асқар тауынан айдын-күннің аманында айырылды. Күйеуін ақтық сапарға шығарып салған Альфия Байғазиева полицейлердің жеке басының қауіпсіздігі қарастырылмаған соң осындай болды деп күйінеді.

Альфия Байғазиева, Н.Байғазиевтің жары:

- Оларда қолдау жоқ. Мемлекет тарапынан оларда қорғаныш жоқ. Өйткені олар халыққа қызмет етеді. Қатігез адамдар менің әлеуметтік желіме «мент», «ит өлім» деп жазады. Мен полицейлердің қалай өмір сүретінін білемін. Олар қызмет бабында өз өмірін құрбан етуге дайын. Нұрбол борышын өтеп жанын берді. Қазіргі уақытта адамдар пандемиядан өліп жатса, менің күйеуім ерлікпен көз жұмды.

Екінші инспектор Дархан Сүлеев те бүгін жер қойнына тапсырылды. Кенжесі бір жасқа толып үлгермеген азаматтың бес баласы әкесіз өмірдің қара парағын ашты.

Аһ ұрған көңіл. Көл болған көз жасы. Біреуге – әке, біреуге – жар, біреуге дос болған Мұрат Әбеновтің жаназасына жиналғандар өксігін тия алар емес. Қырықтың бел ортасында қыршын кеткен азаматты ақтық сапарға шығарып салуға келген көліктер екі көшенің бойына сыймай кетті. Сот орындаушының жұмыс барысында нақақтан-нақақ жазым болуы ел тарихында бірінші рет деп күрсінеді әріптестері.

Мелізбек Әбдіханов, М.Әбеновтің әріптесі:

Орны толмас қаза. Өз ісіне адал азамат еді. Мұрат жайлы ешкім жаман сөз айта алмайды. Біздің саламызда мұндай трагедия бірінші рет болып отыр. Енді қайталанбауын тілейміз. Соңғы кездері адамдар неге екені, қатігез болып кетті. Ол өз жұмысын орындауға барды. Бірақ мұндай қастандық жасалды дегенге сене алар емеспіз.

Дәм-тұзы 43 жасында таусылған азаматтың артында әйелі мен екі баласы қалды. Мәйітті Алматы шетіндегі Қарағайлы ықшамауданындағы зиратқа апарды. Топырақ салуға қалмай келгендердің қарасы көп.

Бүгін жерленген осы үш азаматпен бірге екі күн бұрын сот шешімін орындатқызуға келген үйдің жаңа қожайыны мен оның танысы да Игорь Дужновтың оғынан мерт болған еді. Қазір «адам өлтіру» және «билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық көрсету» бабымен тергеу жүріп жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде