Ақтөбеде үйі өртеніп кеткен үш отбасы баспанасыз қалды
Ақтөбеде үйі өртеніп кеткен үш отбасы баспанасыз қалды. Шаңырағынан айырылғандар енді жақындары мен таныстарының үйін жағалауға мәжбүр. Олар жергілікті биліктен қыстап шығар баспана мен қаржылай көмек сұрап отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
23.09.2021
Татьяна Сляднева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Баратын жеріміз қалмады. Қыс болса тақап қалды. Біздің жағдайымызды кім ойлайды? Ештеңеміз қалған жоқ. Балаларды қалай асыраймыз? Электр сымның кесірінен өрт шықты. Біздің үйіміздің емес, көшеде салбырап тұрған сым ғой.
Жапсарлас салынған үш үйдің қабырғасынан басқа түгі қалмаған. Бағанадағы электр сымы үзіліп, от содан тұтатыныпты. Тұрғындар электр энергиясына жауапты компанияға салбырап тұрған сымды ауыстыру туралы бірнеше рет арызданған. Бірақ осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданбаған. Енді баспанасынан айырылғандар оларды сотқа береміз деп отыр. Өртке қатысты қылмыстық іс те қозғалған. «Кінәлілер тек сараптамадан соң анықталады», - дейді тәртіп сақшылары. Ал әкімдіктегілер тілсіз жаудан зардап шеккен үш отбасының әрбіріне 100 мың теңгеден жәрдемақы ғана береміз дейді. Қыстап шығуға пәтер қарастыру үшін демеушілер мен еріктілердің көмегіне жүгінетінін айтады. Себебі: қазынада ол үшін қаржы қарастырылмапты.
Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:
- Бұл жағдайды бақылауда ұстаймыз. Бюджеттен ақша қарастырылмаған. Өрттен зардап шеккен отбасыларға аудан әкімдерін тартып, қоғам белсенділері арқылы қаржы жинап қолдау көрсетеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!