Қазақстан QazVac вакцинасын бүкіл әлеммен бөлісуге дайын
Қазақстан отандық вакцинаны бүкіл әлеммен бөлісуге дайын. Дағдарыстан тезірек шығу үшін президент Тоқаев вакцинаға жаһандық қолжетімділікті арттыруды ұсынды және QazVac-қа қызығушылық білдіргендерге Қазақстанның қай кезде де әзір екенін жеткізді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
23.09.2021
Мемлекет басшысы отандық вакцина «Дельта» штамына да қарсы тұра алатынын алға тартты. Ресми деректерге сүйенсек, қазір елімізде азаматтардың отыз пайыздан астамы толық иммундаудан өткен. Біріккен ұлттар ұйымының Саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев вакциналау құжаттарын өзара мойындау мәселесін тағы да көтерді. Бұған дейін президент бұл туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің отырысында мәлімдеген. Президенттің пікірінше, бұл медициналық тұрғыдан ғана емес, бизнес тұрғысынан да қажет. Өйткені шекарасы ашық елдер туристерді өз еліне шақырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз COVID-19 вакциналарына деген сенімді арттыру үшін әлеуметтік желілердің құралдарын қолдануымыз керек. Масс-медиадағы ғылыми негізделген ақпараттардың тапшылығынан қоғамда күмән немесе сенімсіздік бар. Біз халықтың вакцинаға деген сенімін арттыру үшін түсіндіру жұмыстарында нақты деректерге сүйенуіміз керек. Біз шынымен де жақсы әлем құруымыз керек, сонымен қатар әділ, орнықты, экологиялық таза және ізгілікке негізделген «жаңа әлем» қалыптастырған абзал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!