{metadescription}
COVID-19: Қарағанды мен Ақмола облысында індет өршіп тұр
COVID-19: Қарағанды мен Ақмола облысында індет өршіп тұр

COVID-19: Қарағанды мен Ақмола облысында індет өршіп тұр

Осы аптада ауру көрсеткіші төмендегенімен, статистика құбылып тұр. Соңғы тәулікте елде 2693 адамнан коронавирус анықталды. Бұл кешегімен салыстырғанда 282 науқасқа көп. Қазір «қызыл» аймақта екі қала мен төрт облыс тұр.  

Әсіресе Қарағанды мен Ақмола облысында індет өршіп тұр. Көкшетауда оқушылар  жаппай ауырып жатыр. Маңғыстау облысы жасыл аймақта болғанмен, мұнда да мектеп жасындағы балалар дертке көптеп шалдығуда.

Ақмола облысы үш айдан бері қызыл аймақтан шыға алар емес. Оқу жылы басталғалы 80 оқушыдан коронавирус анықталған. Демде білім ордасы залалсыздандырылып, тазаланды. Карантинге жабылған сыныптың оқушылары амалсыз қашықтан сабақ оқуға көшті. Салыстырмалы түрде облыста науқастар саны азайды дегенмен, әзірге шектеу шарасы жеңілдемеді. 

Қанат Ысқақов, Көкшетау қаласы санитария-эпидемиология бақылау басқармасының басшысы:

Науқас саны азайғанымен, Ақмола өңірі «қызыл» деңгейде. Әсіресе мектептерде індет оқушылардан күн сайын анықталуда. Қазір 23 мектепте 68 сынып карантинге жабылды.  Оқушылар ғана емес, 6 мұғалім осы дертті жұқтырған. Олармен байланыста болған адамдар да оқшауланды.

«Жасыл» аймаққа өткеніне екі күн ғана болған Маңғыстау облысында да оқушылар арасында коронавирус белең алған. Қыркүйектен бері 54 бала ауырып, 50  сынып  карантинге  жабылды. Колледждің 4 студенті мен мектептің 3 мұғалімі вирусқа шалдыққаны расталды. Облыстың бас санитар дәрігері өңір «жасыл» аймақта деп босаңсуға болмайтынын айтады. 

Ғазиз Надуев, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің басшысы:

- Облыста осы сейсенбіден бері «жасыл» аймаққа өтіп отыр. Бірақ бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, бүгінде облыс көлемінде шығатын қаулыда жаңағы әлеуметтік нысандар, кәсіпкерлік нысандар «сары» аймақтың тәртібімен жұмыс жасайды. Осы сенбіден бастап. Тұрақты жағдай бізде орнықса жеті күн өткеннен кейін келесі аптаның екінші, үшінші күніне «жасыл» аймақ сәйкес жұмыс жасау жеңілдетуде жаңа қаулы әзірленеді.

Қарағанды облысында кешегімен салыстырғанда індетке шалдыққандар 35 адамға көбейгенімен, санитарлар «дабыралауға жөн жоқ» деп жайбарақат отыр. Апта аяғына дейін күнделікті көрсеткіш кемитініне де сенімді. Өңірде қарқынды жүріп жатқан вакциналау оң әсерін берер деген үмітте.

Айгүл Шатекова Қарағанды облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің ресми өкілі:

- Ауру-сырқаулық құрылымында өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыскерлері - 8%, жеке кәсіпкерлер, ЖШС жұмыскерлері  арасында - 6,4%-ға көрсеткіш төмендеді. Бұл вакциналаудың тиімділігімен, оның ішінде өнеркәсіп,  кәсіпорындардың қызметкерлері арасында оң нәтиже беруімен байланысты.

Әзірге Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары ғана «жасыл» аймақта. Эпидемиологиялық ахуал оңалып келеді дегенмен, дәрігерлер арқаны кеңге салуға ерте дейді. Соңғы тәулікте 62 адам коронавирус пен пневмониядан көз жұмды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде