Алматыда 11 бала бассейнде уланып қалды
Алматыда хлордан уланған 11 бала ауруханада жатыр. 12-14 жас аралығындағы қыздар бассейнде жаттығу өткізіп жатқан кезде хлордан тұншыққан. Жеткіншектердің әуелі жүрегі айнып, жөтел қысқан. Қатты әлсірей бастағанда жаттықтырушы жедел жәрдем шақырыпты.
Автор: Мақсат Мәлік
23.09.2021
Кейін анықталғандай, суды тазартатын құрылғы істен шыққан кезде бассейнге қалыптан тыс хлор бөлініп, балалар соның кесірінен уланып қалған көрінеді.
Елді дүрліктірген төтенше оқиға таңғы сағат 9-дан өте бассейнде болған. Балалардың барлығы сол кезде синхронды жүзуден жаттығу өткізіп жатыпты. Ал жеткіншектер бірінен соң бірі жайсыз сезіне бастаған соң, жаттықтырушы бірінші болып жедел жәрдем шақырған.
Жаттығу кезінде жөтел қысып жүрегі айныған 11 жеткіншек бірден балалар ауруханасына жеткізіліпті. Барлығы 12-14 жас аралығындағы қыз бала. Шұғыл түрде көмек көрсеткен дәрігерлер бәрін тексере келе, ағзаларының уланғанын анықтадық дейді.
Алуа Жексенова, Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
- Дәрігерлер қарағаннан кейін қойылған диагноз: хлордан улану. Әрі қарай балаларға мамандандырылған жедел жәрдем көмегі көрсетілді. Қазір токсикология бөлімінде жалпы палатада емделіп жатыр.
Балалардың жағдайы орташа деген ақ халаттылар өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Ал бассейндегі жағдайды ести сала ауруханаға жеткен ата-аналар бар қиындықтың артта қалғанына қуанышты.
Назым:
- Бүгін балаларымыз жаттығу кезінде уланып қалды. Ең бастысы, денсаулығы қазір бір қалыпты. Дәрігерлер жіті бақылауға алған. Дер кезінде көмек көрсетілген. Жедел жәрдем шақырған жаттықтырушыға алғысымыз шексіз.
Ал бассейндер желісі өкілдерінің айтуынша, мөлшерімен хлор жіберетін құрылғыны бір апта бұрын ауыстырыпты. Алайда кенеттен істен шыққан аппарат суға қалыптан тыс хлор ағызып жіберген. «Соның кесірінен балалар хлордың иісіне тұншығып қалған» деген компания тарапы кем-кетікті жөндеп үлгердік дейді.
Максим Калачев, Aquastars бассейндер желісінің ресми өкілі:
- Біздің желімізде бес бассейн бар. Барлығында заманауи құрылғылар орнатылған. Бірінші рет осындай жағдай болып отыр. Сондықтан қатты үркетіндей дәнеңе жоқ. Көмек қажет болса, ата-аналардың бәрімен байланыстамыз.
Десе де бассейн есігі бүгін келушілерге жабық. Санитар мамандар су құрамын тексеру үшін зертханаға сынама алып кетіпті. Бірақ ата-аналар қызметкерлер үстінен шағым түсірмейміз дейді. Ал балалардың денсаулығы тұрақты болса, екі-үш күнде ауруханадан шығарылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!