Семейдің іргетасы қашан қаланды?
Семейдің қала мәртебесін алғанына қанша жыл? Дәл осы сұрақ шығыстағы өлкетанушылар мен тарихшылардың бас ауруына айналды. Семейде қыркүйектің соңғы жексенбісі қала күні тойланады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
24.09.2021
Бірақ шаһардың алғашқы іргетасы қашан қаланғанын ешкім нақты айта алмай отыр.
Бірі әскери қамал Семьпалаттың іргетасы құрылғанда қала болды десе, енді бірі одан әріде Қимақ-Қыпшақ мемлекетінің астанасы болғанын алға тартады. Ал жергілікті билік қаланың жасын анықтауға мүлде асығар емес. Тарихты түгендеуге тырысқан өлкентанушылар мен тарихшылардың уәжін тыңдап көрді.
Ертіс сағасында жатқан Семей көне қала. Ғұндар мен көне түркі заманын былай қойғанда, Қимақ-Қыпшақ мемлекетінің астанасы болған. Сондықтан тарихшылар мен зерттеушілер шаһар тарихын осы тұстан санаған жөн дейді. Олардың айтуынша Қимақ қағанаты құлағанымен, Ұлы жібек жолының бойына тұрғызылған астанасы бәз қалпында сақталған. Ал оны дәлелдейтін археологиялық ескерткіштер де, жазба мағлұматтар да жеткілікті көрінеді.
Асан Омаров, тарихшы:
- 840 жыл. Бұл тарихта белгілі дата. Бастыс Сібір мен Шығыс Сібірде болған ұйғыр қағанаты құлады. Сонда үлкен тайпалар жан-жаққа кетті. Оның жеті тайпасы Ертістің жағасына келді. Яғный сол кезден Семейдің тарихын санаған жөн.
Осы тұстан шаһар тарихын санағандар оған 1150 жыл болғанын айтады. Бірақ бұнымен өлкетанушылар келіспей отыр. Олар, қала мәртебесін 1718 жылы алғанын алға таруда. Яғни оң жағалауда Петр Бірінші патшаның жарлығы бойынша әскери қамал Семьпалат-тың іргетасы қаланды. Осы сәтте керілген қой терісіне жасалған қаланың гербі белгіленген екен. Онда кәдімгі жеті ғимарат бейнесі Семипалатинск атанып кеткен дейді.
Павел Жуков, өлкетанушы:
- Біздің қалаға – 303 жыл. 1781 қала мәртебесін алған. Осы тұстан санап қала күнін бекітіп тойлаған жөн. Арғы дәуірден санауға болмайды. Ол кезде жәй халық тұрған. Біз жергілікті билікке қанша мәрте өтініш жасадық. Топ құрып, тарихын зерделеп қала күнін нақты бекітіп алуға.бірақ үнсіз жатыр.
Өлкетанушылар мен тарихшылар шаһар тарихын нақтылауда бір тоқтамға келе алмай отыр. Олар қанша мәрте хат жолдағанымен, жергілікті билік үнсіз. Атқамінерлер Қала күнін әр жылдың қыркүйек айының соңғы жексенбісіне белгілеп қойған. Әйтсе де қала мәртебесін алғанына қанша жыл болғанын нақты ешкім білмейді. Енді арнайы топ құрып, Семейдің құрылған жылын анықтамақ ниетте.
Айбек Самат, Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің жетекшісі:
- Қаланың жасын анықтау сұрағы бойынша санақ жүргізетін топ құруды ұсынамыз. Оның құрамына тарихшылар, өлкетанушылар және археологтар, басқа да мамандар кіруі қажет. Жергілікті билік барлығын қабылдауға дайын.
Қазақтың мәдени ошағы болған Семейдің қала болып құрылғанына қанша жыл болғаны алдағы уақытта анықталмақ. Ал зиялы қауымның ізі қалған шаһардың тарихы тереңде жатқаны белгілі. Тіпті Қобыланды эпосында Ертістің жағасында қос қала бар, оның бірі сырлы қала, енді бірі қырылы қала дегені Семейдің сол тұста шаһар болғанын меңзегендей. Сондықтан тарихшылар дәлел-дәйектерін келтіре отырып, 1150 жыл екенін дәледеп беруге дайын. Сонымен қатар олар қала таңбасын жаңартпақ ниетте.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!