COVID-19: 47 науқас көз жұмды, 200-ден астамы ауыр халде
Елімізде бір күнде коронавирус жұқтырған 47 адам қайтыс болды. Дәрігерлер 905 науқастың жағдайын ауыр деп бағаласа, олардың 200-ден астамы ауыл халде жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.09.2021
Апта басынан бері вирус жұқтырғандар саны азайғанымен, дертін асқындырып алғандар көбейіпті. Ақтөбе облысында бір апта ішінде 15 адам қауіпті індеттен көз жұмса, Павлодар облысы «Нигериялық» штамм табылған төрт аймақтың қатарына кірді.
Павлодарда жеті жасар баладан коронавирустың «Нигериялық» штаммы табылды. Бұл штамм осыған дейін еліміздің үш аймағында кездескен. Мамандар індет жұқтырған оқушының отбасы түгелімен коронавируспен ауырғанын айтады. Бірақ баладан өзгесінде «Нигериялық» штамм табылмаған. Ол отбасы шетел тұрмақ, Павлодар облысынан тысқары ешқайда шықпаған.
Айдар Сейітқазинов, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бір отбасының 2016 жылы туылған баласынан осы штамм табылып отыр. Індет жұқтырған отбасыны толық бақылауда ұстап отырмыз. Қазір дерттерінен жайлап айығып келеді. Штамның кесірінен аурудың қоздыру белгілері байқалмады.
Ақтөбе облысында коронавирустың «Дельта» штамы індет жұқтырғандардың дертін асқындырып жатыр. Соңғы бір аптада бұл өңірде Covid-19-дан 15 адам қайтыс болған. 81 науқастың жағдайы тым ауыр. Жансақтау бөлімінде жатқан жүкті бес келіншектің де амандығын тілеп отырмыз дейді мамандар. Үш ай бойы «қызыл» аймақтан шықпаған Ақтөбеде бір күнде 137 адамнан қауіпті індет анықталды.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Адамдар «Дельта» штамымен ауырып жатыр, Оның алдында «британдық» штамм бар, «уханьдық» штамм бар. Үш штамм қазір циркуляцияда. Қауіптісі «Дельта» штамм болып есептеледі. Соңғы аптаның ішінде 15 адам қайтыс болды. Жағдайы ауыр науқас саны – 81.
Бірер күн бұрын «жасыл» аймаққа өткен Маңғыстау облысында эпидемиологиялық жағдай жақсарған. Соған байланысты санитар дәрігерлер шектеу шараларын жеңілдетуге қаулы қабылдады.
Енді Ақтауда мәдениет нысандары 50 адамға дейін кіргізе алады. Онда да келуші вакцинаның екі компонентін салдырып, ашық жобасында «жасыл» мәртебесі болуы шарт. Спорт залдар, фитнес орталықтарында да барлық талапқа сай - 50 адам ғана кіре алады. Ал мейрамхана, банкет залдарында болатын шараларға тек 60 адамға дейін рұқсат берілген.
Мадина Рахметова, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің бас маманы:
- Жаңа қаулы Маңғыстау өңірінде 25 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Соған байланысты қоғамдық тамақтану орындарының «Ашық» жобасымен көшбасшылары сағат 02:00-ге дейін жұмыс жасай алады, «жасыл» мәртебесі бойынша және «Ашық» жобасының қызметкерлері түнгі 00:00-ге дейін жұмыс жасауына рұқсат етіліп отыр.
Маңғыстау облысымен қатар Жамбыл, Түркістан облыстары «жасыл» аймақта. Вирустың тарау көрсеткіші төмендесе, Ақтөбе мен Қостанай облысы бірер күнде «сары» аймаққа өтеді дейді мамандар. Ал Алматы мен Нұр-сұлтан қалалары, Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстары бұрынғысынша «қызылда».
Соңғы бір тәулікте елде 3673 адам коронавирус жұқтырған. 47 науқас қауіпті дерттен көз жұмды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!