Биыл Алматы марафонына бес мыңға жуық адам қатысты
Биыл 10-шы рет өткізілген «Алматы марафонына» бес мыңға жуық адам қатысып, жексенбінің таңында қала көшелерін мәре-сәреге бөледі. Алайда спортсүйер қауым биылғы марафонда ерекше тәртіппен, яғни сақтық шараларын сақтай отырып жүгірді.
Автор: Мақсат Мәлік
27.09.2021
Қатысушылар тіпті «Ашық» қосымшасы арқылы екі мәрте тексеруден өтті. Сондай-ақ марафонда жүгіргендердің барлығы жарыс басталар алдында және мәреге келген соң бетпердемен жүруге міндеттелді. Ал мерекелік шараның бас серіктесі – Kaspi.kz.
Алматыда жексенбінің таңы ерекше әсерге бөленіп тұрды. Республика алаңына жиналған спортшылардың да көңіл-күйі көтеріңкі. Жүздерінен бұқаралық спорт аламанын асыға күткені аңғарылады. Өйткені пандемияға байланысты дәстүрге айналған Алматы марафоны былтыр өтпеген болатын.
Мәулен Ысқақов:
- Он жылдық болғаннан кейін қатысайық дедік. Он жыл болған. Оның үстіне Алматыда. Мынадай керемет көңіл-күй. Қанша адам жиналды.
Дәстүр бойынша қатысушылар классикалық марафон, жартылай марафон, 10 шақырымға жүгіру және экиден командалық эстафетадан бағын сынады. Сондай-ақ қос таяқпен скандинавалық жүрістен жолға шыққандар да бар. Ал спортшыларға естен кетпес әсер сыйлаған «Алматы марафонына» Kaspi.kz бес жылдан бері бас серіктес болып келеді.
Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы:
- Біз «Алматы марафонын» бес жылдан бері қуана-қуана қолдап келеміз! Бұл мыңдаған қазақстандықтар мен қонақтар қатысатын еліміздегі ең ауқымды спорттық шара деп айта аламын. Осы жылы да марафон өткеніне қуаныштымыз. Барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларға спортты қолжетімді еткеніне рақмет!
Шекарадағы қиындыққа байланысты биылғы марафонға қатысқан шетелдіктердің қарасы аз. Десе де Қырғызстан мен Өзбекстаннан ат арытып жеткен 60 спортшыға рұқсат берілген. Ал еліміздің түпкір-түпкірінен келген қатысушылардың санында есеп жоқ.
Медғат Демежанов:
- Семей қаласынан осы Алматы марафонын естіп, пойызбен арнайы келдім. -Спорт денсаулық кепілі дейді ғой. Сондықтан салауатты өмір ұстанып, жылда осындай марафонға бәріміз қатысып жүре берейік. Барлықтарыңызға рақмет!
Гүлмәдина Мыңбаева:
- Керемет! Жүргенім де жеңіл. Мен көп жыл ауырған едім, балам. Осы марафоннан жақсы болдым. Қазір денсаулығым жақсы. Жүрегім де, қан қысчымым да жақсы жұмыс істейді. Қалмай келемін.
Марафонның бел ортасынан табылған спортшының әрқайсы аламанға дайындық барысында түрлі әзірліктен өткенін айтады. Жүгіруге жаны құштар кейбірі жыл бойы жаттықса, енді бірі бар күшін мәреге дейін сақтауды үйреніпті. Ал Kaspi.kz командасы өздерінің көрсеткішіне дән риза.
Еркебұлан Сағымбаев:
- Біз осыдан бұрынғы өткен 2019 жылғы Алматы марафонының жеңімпазымыз. Қазір 2 сағат 57 минутта жүгіріп өттік 42 шақырымды. Негізі мақсат қойғанбыз, үш сағаттан тезірек жүгіру деген. Сол мақсатқа қол жеткіздік. Біздің сапымызды алғашқы рет әйел адам қатысып жатыр.
Инна Ли:
- Мен үшін керемет тәжірибе болды. Кaspi.kz атынан экиден командасында жүгірген алғашқы қызбын. Kaspi.kz таныстыру үлкен мәртебе, сондықтан да өте бақыттымын!
Алғашқы үштікке берілетін жүлде қоры 200 және 600 мың теңге аралығында. Бастапқы жарнадан түскен қаржының бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады. Алматы мен Шелекте балаларға арналған спорттық алаң жасақталса, алматылық жүгірушілерге арналған спорттық база салынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!