Қарғалыда құс фабрикасының басшысы тұрғындарды сотқа берді
Алматы облысында тұрғындар үш жылдан бері құс фабрикасының басшысымен дауласып келеді. Өйткені күндіз-түні кәсіпорыннан шыққан сасық иістен Қарғалы тұрғындарының тынысы тарылған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
27.09.2021
Жұрт арызды қарша боратып, құс фабрикасын бірігіп жүріп жаптырыпты. Бірақ кәсіпкер «абыройыма нұқсан келді» деп, енді тұрғындарды сотқа сүйрей бастаған. Бұқараның шамына тиген де осы.
Қаладан көшіп таза ауа іздеп келген Қарғалы аулының тұрғындары құс саңғырығының иісіне тап боламыз деп ойламаған. Елдімекен ішінен құс фабрикасы ашылғалы қарашаның тынысы тарылыпты. Жұрт құс саңғырығының иісі аңқаңды ашытып, танауыңды тесіп жіберердей улы деп ұлардай шулады.
Раушан Бейсенбекова, Қарғалы ауылының тұрғыны:
- Денсаулығым бұзылғанын күтіп отыруым керек пе?! Мүгедек болсам кімге керек болам? Бронхиалды астмам бар. Өкпем ауырған соң, қаладан осы таза ауаға, барлығын тастап келдім. Енді таза ауа жұтып жақсы болып едім, үш жыл болды, мұрным да, тамағым да бітелді.
Наразы тұрғындар бірігіп алып құс фабрикасын жаптыртып тастағанына бір жылдан асқан. Кәсібі тұралаған құс асыраушы азамат жағымсыз иістен тұншықтық деген ауыл белсенділерін енді сотқа сүйрей бастаған. Бұл әрекеті бұқараның шамына тиген.
Нұрниса Тұрсынова, Қарғалы ауылының тұрғыны:
- Соның өзінде де өтірікті жазып жатыр. Бізді қайта-қайта сотқа беріп мазамызды алды. Біздің енді бір айтарымыз: сасымағаннан кейін сотты да тоқтатсын. Өтіріктің не керегі бар?
Кәсібінен қағылған азамат расымен ашулы екен. Келе сала базынасын айтып жиналған тұрғындарға дүрсе қоя берді.
- Осында жиналдыңдар ма? Кімнің мүддесін қорғап жүрсіңдер? Мен сендердің барлықтарыңды су кодексімен сүремін. Не қаласаңдар, соның сазайын аласыңдар.
Ол «уландық» деп шулаған ауылдықтардан анықтама талап етіп отыр. Өзіне шаң жуытпаған кәсіпкер «сүттен ақ, судан таза» екенін енді сотта дәлелдемек.
Владимир Неред, құс фабрикасының иесі:
- Мен қазір оларды сотқа беремін. Өзімнің кінәлі еместігімді дәлелдеймін. Олар сотқа есеп берсін. Ары қарай не болатынын сосын көреміз.
Талаптар бүгін де мәмілеге келе алмай тарқасты. Үш жылға созылған кәсіпкер мен ауыл белсенділерінің арасындағы жанжал енді сотта шешіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!