Елордада көпқабатты үйлерде әлі жылу мен ыстық су жоқ
Елордада жылу маусымы дұрыс жүргізілмей жатыр. Күннің суықтығына қарамастан бірнеше көпқабатты тұрғын үйде жылу мен ыстық су әлі жоқ. Кейбірінің тіпті құбырлары шіріп, жылу жіберуге жарамсыз болып қалған.
Автор: Нұрболат Досжан
27.09.2021
Тозған құбырды жөндеуге талпынған тұрғындар қажет жұмыстарға өз қалтасынан 1 миллион қаражат та жұмсапты. Бірақ бұл жетпей қалған. Суық пәтерлерінде бүрсең қаққан тұрғындардың базынасын КТК тілшісі тыңдап келді.
Қалада күн күрт суытқанына қарамастан көпқабатты үйлерге екі аптадан бері жылу берілмеген. Бұл жағдайға 13 жылдан бері ауыстырылмай тозығы жетіп істен шыққан жылу құбырлары себеп. Құзырлы мекемеден көмек болмаған соң, тұрғындар тапқан-таянғаның бала-шағасының аузынан жырып, құбыр жөндеуге жұмсаған. «Бірақ ол қаражат та жеткіліксіз», - дейді олар.
- Осы жерде тұратын болады. Көлгінов осы жерде тұрсын! Ойнамасын!
Сөзінің зілі де қатты тұрғындар ашулы. Себебі: аумақтағы 45 баспанада күз басталғалы ыстық су мен жылу жоқ. Жұрт құбырды жөндеуГЕ 21 мың теңгеден төлеген екен. Одан да шаруа бітпей, жөндеу жарТЫ жолдан тоқтаған.
Мейрамқұл Шайкенов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Таңертең намаз оқуға жуынайын десең, су жоқ. Елдің бәрі шығып жатқанда су қысымы жоқ. Қыстан басталған әңгіме әлі шешілмей жатыр. Сұмдық қой! Есіл ауданының әкімі қалаға бар дейді. Қала бір-біріне сілтейді. Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды – сондай шаруа. Істегілері келмейді, мынау жағдай мүлдем ұят!
Жылуға зәру Гүлжан төрт баланың анасы. Ол осынау тұрғын үйге үш жыл бұрын көшіп келген. Бүлдіршіндерінің денсаулығына алаңдаған ананың күз басталғалы ұйқысы да қашқан. Себебі, салқын үйде балалары апта сайын ауырады. Оның үстіне ортаншы қызына жақында ғана ота жасалған. Егер балаға салқын тисе, дертінің қайта асқынып кету қаупі бар.
Гүлжан Тұртаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Қорқамыз. Қызымызға жақында ота жасаған. Күн салқындаса салқын тиіп, мұрнына қайта ет өседі. Бізде ылғи күз мезгілінен бастап үй суық. Ыстық су болмайды. Мүлдем жоқ. жылу берген кезде де біз жылытқыш құралын қосып отырамыз. Өйткені үй іші суық.
Жұмысшылар жылу құбырларын жөндеген сайын кінәратқа кезігуде. Шіреген құбырлардың әр жерінен су кетіп жатыр. Осындай қысылтаяң шақта әкімдіктің қимылы баяу. Олар далаға аққан суды сорып тазартуды ғана өз міндетіне алып отыр. Қалған қиындықты тұрғындар өзі еңсеруі тиіс.
Ернар Бекетов, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
- Жеті жылдан он бес жылға дейін мемлекет тарапынан бюджет қарастыра алады. Бірақ ол қайтарымды бюджет. Оған тұрғындар келіспеді. Бірнеше рет жиналыстан кейін. Енді тұрғындар ол бағдарламамен келіспесе, өз тарапынан қаражат жинап, проблеманы жоюға атсалысу керек. Себебі, бұл жерлер мемлекет балансында емес,. Біз бұл жерлерге мемлекет тарапынан бюджет қарастыра алмаймыз және оны қалпына келтіруге бағдарлама жоқ.
Тығырықтан шығар жолды жылу құбырына жауапты мекеме қызметкерінен естуге бел будық. Бірақ ол да мардымды жауап бермеді. Оның пікірінше, бұл үйлер, биылды айтпағанда, 2022 жылы да жылу жүргізуге дайын емес екен.
Самат Тілеуқабылов, АО «Астана-Теплотранзит» реттеу қызметінің инженері:
- Дәл қазіргі сәтте бұл тұрғын үйлерде дайындық жасалмаған. Ішкі құбыр дайын емес. Ішкі құбырлар біздің баланста емес, тұрғындардың балансында.
Мәселе ушыққанымен, шешім – біреу. Енді тұрғындар ішкі құбырларды өз баланысынан шығарып, мемлекет балансына беруге тиіс. Ал бұл жұмыстар реттелген күнде де, пәтер иелері тағы да құбыр жөндеуді жеті күтуі қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!