Батыс Қазақстан облысында дизель отыны тапшы
Батыс Қазақстан облысында дизель отыны тапшы. Ауыр жүк көлігін тізгіндегендер жанармай бекеттерін жағалап, қымбат болса да таба алмай жүр.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.09.2021
Ал қоймаларында қоры барлар тек талонмен ғана береді. Жергілікті шенеуніктер мұны Павлодардағы мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысымен байланыстырады.
- Ешқай жерде солярка жоқ, енді қайттік? Біз азық-түлік әкеле жатырмыз.
Оралға келіп орта жолда қалған жүргізушілер дизельді отын таба алмай сандалып жүр. «Жанармай болмаса, тиеген тауарларымыз бұзылады» деп ашынады олар. Облыс орталығына жақын бірер бекетте ғана қолма-қол ақшаға сатылады. Бірақ онда сағаттап кезек күтуге мәжбүр.
Степан Кардашевский, көлік жүргізуші:
- Дизель отын ешбір жерде жоқ. Қыста жағатын жанармайдың литрін әрең 300 теңгеге таптым. Ақтөбеде бір көлікке небәрі 200 литр ғана құяды. Сонымен Оралға жеттім. Әріқарай қалай жүрерімді білмеймін. Бізді ойлап жатқан ешкім жоқ.
Дизель отынның тапшылығын оралдық шенеуніктер де мойындайды. Қазір облыстағы қорда бес-алты күнге жетер мың жарым тонна сұйық отын қалды деп отыр. Бұл тек еліміздің батысындағы емес, барлық өңірде болып жатқан мәселе деп ақталады әкімдіктегілер.
Қайрат Мұхамбетқалиев, БҚО энергетика және комуналдық- шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
- Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты бір аптаға жоспарлы жөндеу жұмыстарына бола тоқтағалы тұр. Қазір сол жақтан тасымалға қатысты қиындықтар бар. Бұл республика бойынша туындап отырған мәселе.
Аймақтағы дизель отын тапшылығын болдырмас үшін әкімдіктегілер әр көлікке қолма-қол ақшаға 100 литрден құюға рұқсат берген. Одан артық сатуға тыйым салынған. Ал өңірдегі ауыл шаруашылымен айналысатындар жеңілдетілген дизель отынды тек талонмен сатып ала алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!