Сарышағанда апатты үй қақ жарылып, қабырғасы айырыла бастаған
Сарышағанда апатты үйде тұратын 60 отбасы үйінді астында қаламыз ба деген үрейде отыр. Баспана қақ ортасынан жарылып, қабырғасы айырыла бастаған. Бірнеше жыл бұрын биліктегілер үйді сым темірмен айнала тартып кеткен екен.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
28.09.2021
Бірақ оның өзі сыр беріп ғимараттың ашылған тұсы одан сайын үлкейіп барады дейді тұрғындар. Апатты үйдегі тұрғындардың жайын КТК тілшісі тыңдап келді.
Сарышағандағы бұл үйді ел айналып өтуге тырысады. Ортасынан жарылғалы тұрған үйде тұрғандар үрей құшағанда жүргеніне 15 жылдан асыпты.
Бетон блоктардан жиналатын біртипті үй 1978 жылы салынған. Кентте осындай тағы бірнеше үй бар. Биыл осындай үйлердің шатырын ауыстыру жұмысы жүргізілген. Алайда тап осы үйге келгенде мердігер ат-тонын ала қашқан.
Гүлфариза Түсіпбекова, Сарышаған кентінің тұрғыны:
- Біз басымызға қауіпсіздік талап етеміз. Қайда барамыз? Қара суық қыс келе жатыр. Әкімшілік бізге жалға алуды ұсынып отыр. Бір боқтықтан екінші боқтыққа барамыз ба? Өздеріңіз көргендей, бізде мұндай ғимарат жоқ. Болмаса интернатқа дейді.
Үй қабырғасы 2006 жылы қақырай бастаған. Бірақ ғимаратты тексергендер «тұруға жарамды» деген қорытынды шығарыпты. Сосын үйді айналдыра темірмен тартып тастайды. Соған қарамастан жыл өткен сайын қабырғасы қисайып келеді дейді тұрғындар. Ол аздай, жақын маңда жол салып жатқан құрылыс компаниялары жиі жарылыс жасайды екен.
Ақерке Әлімқұлова, Сарышаған кентінің тұрғыны:
- Сарышағанның жолдары тас болғаннан кейін тасты үгіте алмайды. Одан кейін оны атады. Жарлыс жасаған кезде есік-тереземіз дірілдейді. Үй құлап кете ме деп қорқамыз. Бізге ол үйді жамап бергені керек емес.
Жергілікті биліктегілер апатты үйді жөндеп те көрмек болған. Бірақ бұған ешқандай құрылыс компаниясының дәті бармапты. Осыдан соң кент әкімі бұл үйге тағы бір мәрте техникалық сараптама жүргізуге шешім қабылдаған. Жақында өткен сараптаманың нәтижесі әзір белгісіз.
Әнуар Тойымбеков, Сарышаған кентінің әкімі:
- Бұл жерде бір шешім – үй салу. Егер апаттық жағдайда сүрілсе, онда тек үй салу керек.
Өйткені 60 жанұяны бірден көшіре салатын дайын тұрған баспана жоқ. Соңғы 30 жылда мұнда көпқабатты бірде-бір үй салынбаған. Оның үстіне қазір Сарышаған бойынша пәтер кезегінде 50 адам тұр екен. Сараптама апатты деп танығанның өзінде 100-ден аса адамға баспана табу биліктің бас ауыруына айналмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!