Оралда көпқабатты үйлер шатырсыз қалған
Оралдағы көпқабатты үйдің тұрғындары қоңыр күздің толассыз жаңбырында ескі шатырына зар болды. Мердігер компания тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасымен жаңа шатыр саламыз деп бұрынғысын тас-талқан еткен.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
28.09.2021
Бірақ қаражаты жетпей, жұмысты аяқтамай сол қалпы тастап кеткен. Қыраулы қысты су жаңа шатырмен өткіземіз деп үміттенген тұрғындардың пәтерлері қазір дым тартқан.
Бесқабатты бұл үйдің тұрғындары есік алдына күнде жиналады. Жауын жауған сайын үй іші малмандай су болады. Жаңа шатыр саламыз дегендер ескісін бұзып тастаған. Бірақ ақшаның жоқтығынан құрылыс тоқтап қалған.
Нина Китова, Орал қаласының тұрғыны:
- Жұмыстаы қалай болса солай жүргізді. Бір-екі адам келіп істейді. Тамыз айында мүлдем жоқ болып кетті.Қазір шатыр ашық-шашық, плитасы көрініп, тесіктерінен күн сығалап тұр. Жаңбыр жауған күні бесінші қабаттан біріншіге дейін су ағады.
Қазір жұмсақ жабындының орнында шатырдың ағаш қаңқасы тұр. Ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Тұрғындар осыған дейін жасалған жұмыстың өзіне көңіліміз толмайды дейді.
Оксана Хамитова,Орал қаласының тұрғыны:
- Күмәндана бастадық. Жоғарыда шатыр құрылысына пайдаланатын отқа қауіпті сұйықтықтың ыдысы емес, қызыл түсті бояудың шыныларын көрдік.Олар шатыр белдеуіне салатын тірек ағаштарды қажет құралдармен өңдеді ме екен? Осындай көптеген сұрақтар туып отыр.
Әсіресе бесінші қабаттағы тұрғындар төбеден сорғалаған сумен арпалысудан шаршаған.Үнемі ылғалды қабырғадан электр желісінен өрт шыға ма деп қорқады. Негізі тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасымен «Орал құрылыс жөндеу сервис» ЖШС-гі айналысады. Олар 12 үйдің шатырын ауыстырып, осыған келгенде «ақша таусылып қалды» деп қарап отыр.
Қадырғали Жарасов, «Орал Құрылыс жөндеу сервис» ЖШС бас инженері:
- Қазір қаржы күтіп отырмыз. Бұл үйлерге әлі қаражат түскен жоқ. Мердігер компания шатырларды өз ақшасына ауыстырып жатыр.Оның үстіне құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Енді ол үйде аз ғана жұмыс, шатырын жабу қалды.
Құжат бойынша құрылыс жұмысы қыркүйектің 30-на дейін бітуі тиіс. Бірақ әлі күнге жаңа шатырдың нобайы да жоқ. Тұрғындар тек жабындыны жаба салуға жол бермейміз деп отыр. Жұмыс сапасын тексеретін сарапшы мамандарды шақыртпақшы. Өйткені тұрғындар жұмсалған ақшаны 8 жыл бойы теңдей бөліп төлеуге міндетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!