Алматы облысында жасыл желек күлге айналды
Алматы облысында бірден екі ірі өрт өшіріліп жатыр. Жалын 25 гектар аумақты жалмап үлгерген. Осыдан екі күн бұрын Ақсай шатқалында бас алған өрт әлі ырық бермей жатыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
28.09.2021
Қора шатқалы да отқа оранды. Тау баурайындағы сирек кездесетін қылқан жапырақты ағаштар жанып жатыр. Жағдай ырыққа көнбей, ақыры тікұшақ та жұмылдырылды.
- Осылай тұмса табиғатымыз жанып жатыр. Орман. Адамдар өт қауіпсіздігн сақтамаған.
Қора шатқалындағы көрініс қорқынышты. Жасыл желекті күлге айналдырып көкке шапшыған қою түтіннен аспан көрінбейді. Өзеннің бергі бетінде тұрған видео авторы тікұшақ көмекке келмесе, бәрі құриды деп алаң.
Алматы облысы Ескелді ауданында шатқалдың жанып жатқаны жөніндегі хабар кеше түс қайта тарады. Төтеншеліктер жақын жердегі елдімекендерге қауіп жоқ деп сендірді. Дегенмен жердегі техниканың әлі жетпей, бүгін көктен тікұшақпен су шаша бастады.
Азамат Ержанұлы, Алматы облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі басшысының орынбасары:
- 27 қыркүйек күні әуеден барлау жүргізілді. Нәтижесінде өрттің адам аяғы жетуі қиын жерден шыққаны, алдын ала болжам бойынша өрт аумағы 20 гектар екені анықталды. Таңертеннен бері «Қазавиақұтқарудың» тікұшағы от ошағына су шашып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен қосымша топ құрылып штаб ұйымдастырылды.
Осыдан екі күн бұрын Алматы іргесіндегі Ақсай шатқалында басталған жалын да әлі ырық берер емес. Іле Алатау ұлттық паркінің аумағындағы шатқалға техниканың жетуі қиын. Іс насырға шаппай тұрғанда бұл жаққа да бүгін тікұшақ жетті. Бықсыған ақ түтіннің шыққанына қарағанда негізгі қауіптің бетін қайтарып үлгерген.
Рашид Асқаров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басқарма басшысының міндетін атқарушы:
- Қазір орман өрт сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Орман өртіне 145 адам , 21 техника, бір тікұшақ жұмылдырылды. Алдын ала өрт бес гектар, оның ішінде екі гектар орман кіреді.
Күз келсе де тілсіз жаудың шабуылы тыйылмай тұр. Негізінен табиғат аясында демалушылардың қауіпсіздікке салғырт қалауы осындай жағдайға әкеліп соққанымен, оны дәлелдеу қиын. Алматы облысындағы екі өрттің неден шыққанын алдағы уақытта арнайы комиссия анықтайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!