Спортшыларымыздың Токио Олимпиадасындағы сәтсіздігіне пандемия кінәлі екен
Спортшыларымыздың Токио Олимпиадасындағы сәтсіздігіне пандемия кінәлі. Содан дұрыс жаттыға алмапты. Екінші себебі: олимпиадалық резервіміз әлсіз. Ұлттық Олимпиада комитетінің бас ассамблеясы негізгі себептер деп осыны атады.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.09.2021
Осындай жағдаймен Қазақстан алдағы қыста Бейжіңде өтетін қысқы олимпиада ойындарына қатысқалы жатыр.
Андрей Крюков, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы:
- Жоспарлар күн сайын өзгертіліп отырды. Себебі: жарыстар кейінге шегерілді. Соның кесірінен бапкерлер спортшыларды тұрақты дайындау үдесінен жаңылды. Мәселен, кей командалар жарысқа келген бетте ол өтпейтін болып қалды. Ал ол спортшылардың ең бабы келген шағы еді. Кей командаларымыз 6-8 айға дейін дайындығын үзіп алды.
Рио Олимпиадасына қарағанда спортшыларымыздың орташа жасы екі жасқа ұлғайған. Өйткені ұлттық құрамалардың сапы жаңа жас спортшылармен жеткілікті толықпайды. Одан бөлек, наурыз айынан бастап жасөспірімдер мен жастар командаларын қаржыланжыру тоқтаған. Командалардың сапалы керек-жарақ заттармен толық қамтылмайтыны бір бөлек. Кесірін тигізген тағы бір жайт, спортшылардың денсаулығына қатысты ем-дом шаралары мен диагностика да жетіспейді. Ал жүлдеге үміткер деген спортшыларымыз жарысқа дейінгі жарақаттарынан толық айықпаған күйі барған. Мамандардың айтуынша алда Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиадаға әзірге 18 спортшымыз 38 жолдама ұтып алған. Қаңтардың 16-на дейін әлі 50-ден астам жолдама алатын жарыстар бар. Кем дегенде 48 спортшымыз Олимпиада лицензиясын алады деп жоспарланып отыр. Бірақ бұл аз көрсеткіш. Себебі: өңірлерде қысқы спорт түрлерін дамытуға жағдай жасалмаған.
Елсияр Қанағатов, Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры:
- Қысқы облыстардың өзінде қысқы спортпен айналысатындардың саны өте аз. Мысалы, 38 жолдаманың ішінде Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарының бірде-бір өкілі жоқ. Бұл облыстарда қыс та жақсы. Бірақ қысқы спорттың дамуына жұмыстар атқарылмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!