Доланда тұрғындар балаларын ескі мектепке жіберуден бас тартты
Тіреумен тұрған білім ордасы. Алматы облысында ата-аналар бастауыш мектептің апатты жағдайда тұрғанын айтып дабыл қақты. Долан ауылындағы спорт залы, асханасы, кітапханасы, ғимарат ішінде дәретханасы, тіпті ұстаздар отыратын бөлмесі жоқ мектеп таяу арада құлап тынуы мүмкін.
Автор: Мақсат Мәлік
29.09.2021
Өйткені биыл іргесі 70 жылдан астам бұрын қаланған аядай ғимараттың төбесіне ұжым биыл әр жеріне тіреу қойып қойған. Ал әр оқу мауысымында жаңа мектеп саламыз деген шенеуніктер халықты 15 жылдан бері алдап келіпті. Енді аудан және облыс әкімінен күдерін үзген жұрт Президенттен көмек сұрайды.
Долан ауылындағы аядай бастауыш мектепті полиция қоршауға алған. Ештеңені түсінбеген жеткіншектер тәртіп сақшыларына үрке қарап жүр. Ауланың әр бұрышын күзеткен полицейлерді тұрғындардың топтасып тұрғанын көрген мектеп директоры шақырыпты. Ал ұлағатты ұстаздардың қапелімде өздерін жау санағанына қынжылған ата-аналар мектептің сан жылдан бері апатты жағдайда тұрғанын айтады.
Жазира Жомарт, Долан ауылының тұрғыны:
- Мына мектеп 1948 жылы салынған. Біз 2019-да митингіге шыққан кезде бұған миллион ақша бөлініп, оны тексерді, сараптама жүргізді. Бізде соның қағазы да жоқ. Ал биыл оқу басталғанда өрт сөндіру, СЭС қалай рұқсат берді? Қалай мына мектептің ішіне кіргізіп отыр? Оқушылардың өміріне қауіп төніп тұрғанын білмей ме?
Амангүл Егеубекова, Долан ауылының тұрғыны:
- Жер сілкінсе, мына мектеп құлайды. Осы Қазақстанда білесіздер ғой, үлкен апат орын алғанда, адам саны шығын болғанда, адам өлгенде ғана бұлар қимылдап, мектеп салып береді. Соған жеткізейін деп тұр ғой.
Доландағы 70 орынға арналған жар дегендегі жалғыз мектепте 250 бала оқиды. Білім ордасының іші-сырты түгел ескірген. Тіпті төбесінің құлап кетуінен қорыққан ұжым биыл қатарынан бірнеше тіреу қойыпты. Ұстаздар журнал толтыратын қараңғы дәлізден оқушылар сығылысып әрең өтеді. Ал қуықтай сыныптардың барлығы ағаш қабырғамен бөлінген. Сықырлаған ескі еден құдды бір соғыс кезін еске түсіреді. Ғимаратта дәретхана атымен жоқ. Мектеп басшысы жұмыс тәртібі – басты назарда деп жуып-шайғанымен, олқылықтарды өзі де тізбелей жөнелді.
Гүлнәр Раисова, Долан бастауыш мектебінің директоры:
- Мектепте спорт залы жоқ. Бірақ дене шынықтыру өтеді. Дене шынықтыру есік алдында және мектептің артында өтіп жатыр. Оқу процесі әлі бірде-бір рет бұзылған емес. Күнделікті сабақ өз уақытында басталып, өз уақытында аяқталады. Асхана жоқ, буфет жоқ, кітапхана жоқ.
Ал балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар жаңа мектеп үшін 15 жыл бойы күресіп келеміз дейді. Екі жыл бұрын шенеуніктер сөз бергенде ашуы бір басылған тұрғындар уәденің ақырында сұйылып кеткенін айтады. Енді ауылдағы еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін Қарасай ауданының әкіміне өкпесі қара қазандай.
Алмабек Үсенбаев, Долан ауылының тұрғыны:
- Қарасай ауданының әкімі аурухана ашқанда «биыл салып беремін» деп айтқан еді. Уәде қайда? Мына балалар, немерелеріміз қиналып кетті. Бұл не деген масқара! Ұяттарың қайда? Халықты неге сыйламайсыңдар?
Алайда аудан әкімі сол күйі төбе көрсетпеді. Ал басшысына шаң жуытпаған қатардағы шенеуніктер мектептің жай-күйі қатаң бақылауымызда деп сендірді. Тіпті құрылыс жүргізетін жер телімі де сатып алыныпты. «Бұйыртса, мына сайдың орнына мектеп құрылысын бастаймыз» - дейді жергілікті билік өкілдері.
Жарас Қатубаев, Қарасай ауданы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы:
- Қазір Алматы облысы экономика және жоспарлау басқармасына қаражат бөлуге ұсыныс жасалды. Енді алдағы уақытта кезекті мәслихат отырысында қаражат бөлінеді. Келесі жылдан бастап мектеп құрылысы басталады. Бір жыл құрылыс жүргізілетін болады.
Алайда аудан және облыс атқамінерлеріне сенуден қалған ауыл халқы Президенттен көмек сұрайды. «Тозығы жеткен мектеп құлап тына ма» деп қауіптенген ата-аналар балаларын сабаққа жіберуден бас тартып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!