14 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус көбірек байқалады
Қазан айында Алматыда бір тәулікте коронавируспен тіркелетін науқас саны 40 адамға дейін төмендейді. Санитар дәрігерлер осындай оптимистік болжам айтып отыр. Індет жұқтыру көрсеткіші қазірдің өзінде төмендеп келеді. Тек 14 жасқа дейінгі балалар арасында өсім байқалады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы, Айман Нұрмағанбет
29.09.2021
Дегенмен Алматы әлі де «қызыл» аймақта. Ал «жасыл» аймаққа ойысқан өңірлер саны артып, карантинді жеңілдетіп, 100 адамдық той өткізуге рұқсат беріп жатыр.
Алматыда соңғы тәулікте коронавируспен 400-ден аса науқас тіркелді. Індеттің беті қайта бастағанымен, қала әлі де «қызыл» аймақта қалып отыр. Сондықтан мамандар тұрғындарды босаңсымауға шақырып, қазан айына оптимистік болжам жасады.
Әсел Қалықова, Алматы қаласы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Соңғы екі аптада барлық жаста індет жұқтыру деңгейінің төмендеді. Тек 14 жасқа дейінгі балалар арасында дертке шалдыққандар 3,3 пайызға артты. Қазанда коронавирус жұқтырушылар саны едәуір азаяды деп болжап отырмыз. Ай соңында тәулігіне тіркелетін науқас саны 40-100 аралығында болуы мүмкін.
Науқастардың үштен бірі індетті сауда орындарында жұқтырған. Сондықтан мамандар мұндай жерлерде сақтық шарасын қатаң сақтап, аурудың алдын алуға шақырады.
«Жасыл» аймақтағы Маңғыстау облысында соңғы тәулікте бар-жоғы 15 адамның коронавирусқа тапсырған ПТР-тесті оң шығыпты. Бүгін аймақтың бас санитар дәрігері карантин шараларын жеңілдететін жаңа қаулы шығарды. Бұған дейін кәсіпкерлік нысандар жұмыс күндері ғана түнгі 2-ге дейін жұмыс істесе, енді демалыста да осы уақытқа дейін ашық болады. Тіпті асханалардың тәулік бойы жұмыс істеуіне рұқсат берілген.
Мәдина Рахметова, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бас маманы:
- Конференция, форумдарды 100 адамның қатысуымен жасауға болады. Көрмелерде бір мезетте 500 келушіні қабылдауға рұқсат етілді. Сонымен қатар отбасылық шаралар, яғни той, ас беру, үйлену той, мерейтойларды 100 адамнан асырмай жасауға рұқсет етілді. Онда «Ашық» қосымшасының көшбасшысы мен вакцинаның екі компонентін алу керек.
Маңғыстаудан бөлек, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары «жасыл» аймақта тұр. Ал бес өңір әлі де қауіптің «қызыл» деңгейінде. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары. Соңғы тәулікте елімізде 1925 адам коронавирус диагнозымен тіркелген
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!