Еліміздегі дизель отынының жетіспеуіне, қымбаттауына әлемдегі жағдай кінәлі екен
Тапшылыққа тағы әлемдегі жағдай кінәлі! Елдегі дизель отынының жетіспеушілігі мен бағасының шарықтауын энергетика министрлігі осылай түсіндіруге тырысты. Тағы бір себебі: Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндірістің уақытша тоқтауы.
Автор: Нұрболат Досжан
29.09.2021
Қазір қорда ары кетсе екі аптаға жететін дизель отыны қалыпты.
Ал баға сәт санап өсуде. Алды тіпті 300 теңгеге барып қалған. Онда да табылса. Жұрт жылда орақ науқаны кезіндегі осындай жағдайға үйренгенімен, әбден титықтаған шаруалар бұл жолы Үкіметтен бағаны реттеуді сұрап отыр.
Дизель отынының тапшылығы сезіле бастағалы бірнеше ай. Ал соңғы екі аптада жағдай тіпті ушыққан. Қазір өңірлерде жанармайдың бұл түрі жоқтың қасы. Барларының өзі талонмен беріледі. Ал баға шарықтап кеткен.
Давран Әбдірахманов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Осы бір аптаның ішінде қатты қиналып кеттік. Әр бекетке барамыз. Талонды қайдан алатынын білмейміз. Әлек болып бүкіл қалада жүреміз. Кейбір кезде көлік өшіп, 1-2 рет эвакуатормен алып кетеді.
Күз таяса дизельдің жоғалып кететіні жылдағы әдет. Дегенмен биылғы қуаңшылықтан титықтаған шаруаларға бұл жолғы тапшылық тіпті "жығылғанға жұдырық" болып тұр. Мәселен, мұнайлы Маңғыстауда екі-үш ай бұрын литрі 180 теңгенің өнімі қазір 240 теңгеден сатылуда.
Олжас Аширов, көлік жүргізушісі:
- Дизельдің жағдайы қиын болып жатыр. 240-тан әрең тауып сұрап жатырмыз. Жазда 193-тен болған еді. Кейін 199 тг болды. Ал қазір тіпті қиын.
Орақ науқаны қызған солтүстік өңірлерде де осы жағдай. Тапшылық диқандарды тығырыққа тіреген. Таңның атысымен жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Ал шенеуніктердің жауабы қашан да дайын. Кез келген қымбатшылықты әлемдік жағдаймен байланыстыра қоятын олар, дизельдің тапшылығы мен қымбатшылығына басқа себеп іздеп бас қатырмаған сыңайлы. Тіпті жағдай көршілес Ресей мен Қырғызстанға қарағанда тәуір деп отыр.
Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Биыл 505 мың тонна дизель көтерме саудаман Ресейге импортталды. Әсіресе қыркүйек, тамыз айларында рекордтық көрсеткіш орнатып отырмыз. Сырт елге саудаланған сұйық отынның әр литрі 70 теңгеден бағаланған. Бұл, әрине қуантарлық жағдай емес. Сауда нарығында өзгерістер орын алғасын, импорттауды әзірге тоқтатып отырмыз. Мәселенің шешілуіне келсек, Павлодар зауытында қалған 200 мың тонна қор бар. Соны пайдалана тұрамыз. Бірақ бұл шамамен 11-12 күнге ғана жетеді.
«Тапшылықтың тағыбір себебі: Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндірістің уақытша тоқтауы» - дейді энергетика министрлігіндегілер. Электр желісіндегі ақаудан мұнда 200 мың тонна өнім өндірілмей қалған. Әзірге нақты шешім айтылмады. Яғни әліптің артын бағайық деген сыңайлы. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді.» Елдегі дизель отынының шарықтап кеткеніне қарап осы бір тәмсіл тілге оралады.
Расымен сұйық отын таусылып, жанармай бекеттеріндегі баға аспандады. Өткен аптада ғана елде 207 теңгенің төңірегінде саудаланған дизельдің құны қазір кей жерлерде 300 теңгеге жеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!